Бастық демалыс бермесе: Қазақстанда қызметкерлердің қандай құқығы бар
Қазақстанда жұмыс беруші қызметкерді демалыс немесе мереке күндері жұмысқа тек оның жазбаша келісімімен немесе өз өтініші бойынша шақыра алады. Алайда заңда келісімсіз жұмысқа тартуға рұқсат берілетін үш ерекше жағдай бар. Сонымен қатар демалыс күні жұмыс істеген қызметкерге қосымша демалыс немесе жоғарылатылған ақы төленуі тиіс. Бұл туралы stan.kz хабарлайды.
Қызметкерге аптасына неше күн демалыс беріледі?
Қазақстанның Еңбек кодексіне сәйкес, бес күндік жұмыс аптасында қызметкерге екі демалыс күні, ал алты күндік жұмыс аптасында бір демалыс күні беріледі. Жалпыға ортақ демалыс күні – жексенбі. Бес күндік жұмыс аптасындағы екінші демалыс күні ұжымдық шартта немесе еңбек тәртібінің ережелерінде белгіленеді.
Жұмыс кестесі мен ауысым тәртібіне қарамастан, Құрбан айттың бірінші күні және 7 қаңтар – православиелік Рождество да демалыс күндері болып саналады.
Жұмыс беруші демалыс күні жұмысқа шақыра ала ма?
Еңбек кодексінің 85-бабына сәйкес, қызметкерді демалыс немесе мереке күні жұмысқа тарту үшін оның жазбаша келісімі қажет. Сондай-ақ қызметкердің өзі жұмысқа шығуды сұрап өтініш беруіне болады.
Екі жағдайда да жұмыс беруші тиісті акт, әдетте бұйрық шығаруы керек. Демек, қызметкердің жазбаша келісімі немесе өтініші және жұмыс берушінің бұйрығы рәсімделуге тиіс. Бұйрық қағаз түрінде немесе электрондық құжат ретінде рәсімделіп, электрондық цифрлық қолтаңбамен расталады.
Қандай жағдайда қызметкердің келісімі қажет емес?
Еңбек кодексінің 86-бабында қызметкерді демалыс немесе мереке күні оның келісімінсіз жұмысқа тартуға болатын үш жағдай көрсетілген.
- Біріншісі – төтенше жағдайдың, табиғи апаттың немесе өндірістік аварияның алдын алу не олардың салдарын шұғыл жою қажет болғанда.
- Екіншісі – еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаның алдын алу немесе оны тергеп-тексеру, сондай-ақ мүліктің жойылуы мен бүлінуіне жол бермеу қажет болғанда.
- Үшіншісі – алдын ала болжанбаған жұмыстарды шұғыл орындау қажет болып, онсыз бүкіл ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің қалыпты жұмысы бұзылатын жағдайда.
Бұл тізім заңда нақты көрсетілген. Сондықтан есеп тапсыру мерзімінің жақындауы, жұмыстың көбейіп кетуі немесе жобаны тезірек аяқтау қажеттілігі қызметкерді келісімінсіз демалыс күні жұмысқа шақыруға негіз болмайды.
Ауысыммен жұмыс істейтіндерге қандай талап қойылады?
Үздіксіз өндіріс орындарында және вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлердің демалыс күндері ауысым кестесіне немесе вахта кестесіне сәйкес белгіленеді.
Егер қызметкердің жұмыс кестесінде сенбі немесе жексенбі жұмыс күні болып көрсетілсе, ол үшін бұл қалыпты жұмыс күні саналады.
Еңбек кодексінің 85-бабының 1-тармағына сәйкес, ауысыммен немесе вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерді мереке күндері, 7 қаңтарда және Құрбан айттың бірінші күні жұмысқа тарту үшін жазбаша келісім алу және жеке бұйрық шығару талап етілмейді.
Жүкті әйелдерді демалыс күні жұмысқа шақыруға бола ма?
Еңбек кодексіне сәйкес, жүктілігі туралы анықтаманы жұмыс берушіге ұсынған жүкті әйелдерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға тыйым салынады.
Бұл шектеу қызметкердің өзі жұмысқа шығуға келіскен жағдайға да қатысты.
Демалыс күні жұмыс істегені үшін қанша ақы төленеді?
Демалыс немесе мереке күні жұмыс істеген қызметкер өтемақының екі түрінің бірін таңдай алады: басқа күні демалу немесе жоғарылатылған мөлшерде ақы алу. Бұл таңдауды жұмыс беруші емес, қызметкердің өзі жасайды.
Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу мөлшері еңбек немесе ұжымдық шартта не жұмыс берушінің актісінде белгіленеді. Алайда төлем қызметкердің күндік немесе сағаттық мөлшерлемесінің кемінде 1,5 есесінен төмен болмауы керек.
Мысалы, қызметкердің айлық жалақысы 420 мың теңге, ал бір айдағы жұмыс күндерінің саны 21 күн болса, оның бір күндік еңбек ақысы 20 мың теңгені құрайды. Демалыс күні жұмыс істегені үшін оған кемінде 30 мың теңге төленуі тиіс.
Жұмыс уақыты қалай есептеледі?
Жұмыс беруші әр қызметкердің жұмыс уақытын есепке алуға міндетті. Демалыс немесе мереке күніндегі жұмыс арнайы табельде көрсетіледі.
Осы мәліметтердің негізінде бухгалтерия қызметкерге тиісті жоғарылатылған ақыны есептейді немесе кадр қызметі оған басқа күні демалу құқығын рәсімдейді.
Айта кетсек, бұған дейін қазақстандықтар қазан айында қанша күн демалатыны туралы жазған едік.
Жатақхананы аңдып, студент қыздарды зорлаған: ҚазҰУ-ды дүр сілкіндірген маньяк қалай ұсталды?
