Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Канье Уэсттің Алматыдағы концерті ұйымдастырушыларды шығынға ұшыратқан

Канье Уэст
Фото: First Media Group

Канье Уэсттің Алматыдағы концерті ұйымдастырушыларға пайда әкелмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы концертті ұйымдастырған компанияның негізін қалаушы Данна Қарағұсова BeWoman форумында мәлімдеді.

Қарағұсованың айтуынша, әлемдік деңгейдегі әртістерді шақыру шығынының жоғары болуына байланысты билет бағасы да өте қымбат болады. Сондықтан мұндай концерттерді ұйымдастыруға мемлекет тарапынан қолдау қажет.

"Біз сияқты жеке ұйымдастырушылар үшін ірі әртістерді шақыру тиімсіз бола бастады. Билет бағасы шектен тыс қымбаттап барады. Әлемдік жұлдыздардың Қазақстанға келіп, халқымыз үшін қолжетімді бағамен концерт беруі үшін, ең алдымен, мемлекет тарапынан көмек қажет", – деді Данна Қарағұсова.

Оның сөзінше, Канье Уэсттің концерті ұйымдастырушы холдинг үшін қаржылық тұрғыдан тиімсіз болған.

Концерт сәтті өтіп, көрермендерге ұнағанымен, компания айтарлықтай шығынға ұшыраған көрінеді.

"Канье Уэсттің концерті біздің холдингке үлкен шығын әкелді. Мұны ашық айтып отырмын. Біз жұмыс істедік, барлығына ұнады, бірақ қаржылық тұрғыдан бұл бізге тиімсіз болды. Мемлекет қаржылай қолдау көрсетпесе, мұндай деңгейдегі әртістерді алдағы уақытта шақыру экономикалық жағынан тиімсіз болады", – дейді ұйымдастырушы.

Сондай-ақ Данна Қарағұсова әлемдік жұлдыздарды шақырудың артықшылығын түсінетін елдер мұндай концерттерді Қазақстаннан бұрын ұйымдастыруға кірісетінін атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін 15 тамызда өткен Канье Уэсттің концерті Алматыға шамамен 5 миллиард теңге әкелгені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 21:52