Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада ер адам бойжеткенді үйіне дейін аңдып, кейін бөксесінен ұстаған

Астана қыздың бөксесін ұстаған
Фото: Желі кадрларынан скрин

Астанада бойжеткен өзіне бейтаныс ер адамның ғимарат алдында бөксесінен ұстағанын айтып шағымданды. Ол қорыққаннан ғимаратқа кіре сала жылап қалған. Абыржыған қыз полициядан көмек сұрағанымен, тәртіп сақшылары бейнекамера таспасынан ештеңе байқамағандарын айтып, қауіп төніп тұрмағанын алға тартқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Qumash Telegram-арнасы болған оқиғаның видеосын желіде жариялады. Видеода бойжеткеннің қорқып жылағаны көрінеді. 

“Бұл туралы қалай түсініктеме беру керектігін білмейміз. Ер адам біраз уақыт астаналықтың артынан жүрген. Содан кейін оған жақындап, бөксесінен ұстап, қашып кетті. Қыздың айтуынша, полиция қызметкері оған бұл видеода ештеңе көрінбейтінін және ер адам оған тағы бір зиян келтіруі мүмкін деп ойламайтынын айтқан”, – делінген хабарламада. 

Stan.kz тілшісі Астана қалалық полиция департаментінен жағдайға қатысты пікір сұрады.  

"Аталған дерек тіркелді. Полиция қызметкерлері алдын ала мәлімет бойынша, көшеде қыздың соңынан еріп, ғимаратқа кіреберісте оған қатысты әдепсіз сипаттағы әрекеттер жасаған ер адамды анықтады. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр", — деп жауап берді ведомство. 

Полицияның нақтылауынша, нәтижесі бойынша ер адам заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады. 

Еске салсақ, Алматыда саябақта әйелдің бөксесін ұстап, тиіскен шетелдік 15 тәулікке қамалған еді. 

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 15:49