Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында қарақұрт жұтып қойған екі жасар қыз комаға түскен

ауруханада жатқан бала
Фото: depositphotos.com

Маңғыстау облысында екі жасар қызды қарақұрт жұтып қойып, ол жансақтау бөліміне түскен. Бала комаға түсіп, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Он күн жансақтау бөлімінде жатқан бүлдіршіннің жағдайы жақсарған соң, үйіне шығарылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қыз ойнап жүріп “өрмекші” жұтып қойғанын бірге ойнаған балалардың бірі айтқан. Кейін қыздың жағдайы күрт нашарлап, шұғыл медициналық көмек қажет болған.

Алдымен аудандық ауруханаға жеткізілген қыз кейін медициналық авиация арқылы облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды.

Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Мереке Бекбаевтың айтуынша, науқасты ауыстырмас бұрын дәрігерлер аудандық аурухана мамандарымен телемедициналық кеңес өткізіп, емдеу тактикасын талқылаған.

“Баланың жағдайы ауыр болғандықтан, дәрігерлер қарақұрт уына қарсы сарысу енгізіп, оны шұғыл түрде облыс орталығына жеткізу туралы шешім қабылдаған. Бүлдіршін медициналық авиацияның реанимациялық бригадасының сүйемелдеуімен өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған күйде тасымалданған. Облыстық балалар ауруханасына түскен кезде қыздың жағдайы аса ауыр деп бағаланып, ол бірінші дәрежелі комада жатқан. Дәрігерлер дереу қарқынды емді бастап, консилиум өткізіп, республикалық деңгейдегі мамандармен қосымша кеңес ұйымдастырған. Емдеу барысында қарақұрт уына қарсы сарысу екі рет енгізілген”, – делінген ақпараттаү

Бүлдіршін жансақтау бөлімінде 10 күн жатты. Осы уақыт ішінде дәрігерлер мен медбикелер оның жағдайын тәулік бойы бақылап, емін түзетіп отырған.

Біртіндеп оң өзгерістер байқалып, қыз комадан шыққан және өздігінен тыныс ала бастаған. Осыдан кейін оны өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратқан.

Жағдайы тұрақтанған соң науқас бейінді бөлімшеге ауыстырылып, онда тағы төрт күн ем қабылдаған. Кейін үйіне шығарылды.

Дәрігерлер ата-аналарға балаларды ойын кезінде және серуендегенде мұқият қадағалауға кеңес береді. Кішкентай балалардың өрмекшілерді немесе басқа да бейтаныс жәндіктер мен жануарларды қолына алуына жол бермеу керек. Улы өрмекші шақты деген күдік туындаса немесе онымен қауіпті байланыс болуы мүмкін болса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.

Еске салсақ, Алматыда мектеп оқушысын сарышаян шағып алған. Анасы оны ауруханаға апарғанда балаға салынатын вакцина жоқ екенін білген. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 22:21