Алматыда 7 жастағы баланы сарышаян шағып алған: Ауруханада оған қарсы вакцина табылмады
Алматыда мектеп оқушысын сарышаян шағып алған. Анасы оны ауруханаға апарғанда балаға салынатын вакцина жоқ екенін білген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Threads қолданушысы 11 тамыз күні баласының бас бармағын сарышаян шағып, баласын ауруханаға апарған. Ол жақта балаға ешқандай зақым келмегенін айтқан. Кейін жеткіншектің қызуы көтеріліп, қайта түскен. Келесі күні бала аяққа тұрып, шауып кеткен. Бірақ ананың көңілі әлі де жай таппады. Желіде ол қолданушылардан әрі қарай бірдеңе істеу керек немесе жалпы Қазақстанда сарышаянның уына қарсы дәрі-дәрмек пен екпелердің түрі бар ма деп сұраған.
"Бізге ауруханада у қайтарғыш дәрі де, арнайы вакцина да жоқ екенін айтты. Ауруханаға жатқызуды ұсынды, яғни іс жүзінде баланы жансақтау бөлімінде бақылауда ұстау керек екен. Ал жағдайы нашарлаған жағдайда ғана белсенді ем жүргізілетінін түсіндірді. Балам ауруханада жалғыз қалудан қатты қорқады. Сондықтан әзірге оны үйде бақылауды жөн көрдік. Кеше саусағы ісіп кеткен еді. Дене қызуы бір рет көтерілді, бірақ шамамен жарты сағаттан кейін өздігінен қайта қалыпқа түсті", – деп жазды алматылық тұрғын.
Stan.kz Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан неліктен жәндіктердің уына қарса ешқандай дәрілер мен екпелердің жоқтығы туралы сұрады. Балалар шұғыл медициналық көмек орталығының дәрігер-токсикологы Құрметбек Тоқтар шаян шаққан жағдайда қолданылатын арнайы уға қарсы дәрі жоқ екенін мойындады. Алайда шаян шаққанда улану белгілерін жоюға, науқастың жағдайын жеңілдетуге және ықтимал асқынулардың алдын алуға бағытталған симптоматикалық ем жүргізілетінін айтты. Емдеу тактикасын дәрігер науқастың жағдайының ауырлығына және клиникалық белгілеріне қарай жеке анықтайды.
“2026 жылғы 12 тамызда сағат 00:58-де Алматы қаласындағы Балалар шұғыл медициналық көмек орталығының қабылдау бөліміне ата-анасының сүйемелдеуімен 7 жастағы бала жеткізілген. Анасының айтуынша, медициналық көмекке жүгінерден шамамен бір жарым сағат бұрын бала аулада ойнап жүрген кезде оң қолының бірінші саусағынан шаян шаққан. Бала ауруханаға түскен кезде оң қолының бірінші саусағы ауырып, орташа деңгейде ісінгеніне шағымданған. Саусақтың қызаруы, жалпы әлсіздік және дел-салдық байқалған. Дене қызуы — 37,1°C”, – деп жауап берді аурухана.
Баланы реаниматолог дәрігер мен хирург тексерген. Шаян уының әсерін ескере отырып, ем жүргізу және реанимация және қарқынды терапия бөлімінде медициналық бақылауда ұстау үшін ауруханаға жатқызу ұсынылған. Баланың жағдайы шаян уының уытты әсеріне байланысты орташа ауыр деп бағаланған.
“Диагнозы — шаян уының уытты әсері. Алайда баланың заңды өкілдері яғни ата-анасы ұсынылған ауруханаға жатқызудан бас тартып, баланы қолхат арқылы үйіне алып кеткен. Ата-анаға ауруханаға жатудан бас тартудың ықтимал салдары мен асқыну қаупі түсіндірілген. Баланың жағдайы нашарлаған жағдайда медициналық көмекке шұғыл түрде қайта жүгіну ұсынылған. 2026 жылдың жазғы кезеңі басталғалы бері бұл — Алматы қаласындағы Балалар шұғыл медициналық көмек орталығына шаян шаққан жағдай бойынша алғашқы жүгіну болды”, – деп жауап берді.
Сондай-ақ өз жауабында қалалық балалар шұғыл медициналық көмек орталығы шаян шаққан жағдайда не істеу керек екенін және шаян шаққан балаларға медициналық көмек қалай көрсетілетінін тілге тиек етті. Өз жауабында зардап шеккен адам бала болса, міндетті түрде медициналық тексеруден өту қажет екенін жазған.
Шаян шаққан кезде:
- дереу 103 нөміріне жедел жәрдем шақыру керек;
- баланы тыныштандырып, зардап шеккен аяқ-қолының қозғалысын шектеу қажет;
- баланы өз бетінше емдеуге тырыспау керек;
- бұрау (жгут) салуға, шаққан жерді кесуге немесе күйдіруге болмайды;
- медициналық мамандар келгенге дейін баланы қараусыз қалдырмау керек.
Әлсіздік күшейсе, қатты ауырсыну немесе ісіну пайда болса, есінен тану, тыныс алудың қиындауы, құрысу немесе басқа да ерекше белгілер байқалса, бұл туралы медициналық қызметкерлерге дереу хабарлау қажет.
“Баланы тексеріп, оның жағдайын бағалағаннан кейін кезекші дәрігер әрі қарайғы емдеу тактикасын анықтайды және науқасты бейінді бөлімге немесе реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызу қажеттігін шешеді. Стационарда емделу ұзақтығы баланың жағдайының ауырлығына және оның динамикасына қарай жеке анықталады. Орта есеппен емдеу 4-тен 7 күнге дейін созылуы мүмкін. Баланың жағдайы тұрақтанғаннан кейін ол үйіне шығарылып, әрі қарай учаскелік дәрігердің бақылауында болады”, – деп жауап берді басқарма.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ата-аналарды шаян шаққан жағдайда өз бетінше емделмеуге және медициналық көмекке жүгінуді кейінге қалдырмауға шақырады. Баланың жағдайы нашарлаған кезде 103 нөмірі арқылы шұғыл медициналық көмекке дереу жүгіну қажет екенін мәлімдеді. Зоология институтының арахнология және басқа да омыртқасыздар зертханасының кіші ғылыми қызметкері Леонид Кимнен сарышаян уы адамға қаншалықты әсер ететін де сұрап білдік.
“Қазақстандағы шаяндардың барлығы Buthidae тұқымдасына жатады. Ең көп таралған түрлері — Mesobuthus thersites және Olivierus longichelus. Олар негізінен елдің оңтүстік бөлігіндегі құрғақ, тасты және құмды жерлерде мекендейді. Алматы маңында M. thersites кездесуі мүмкін, бірақ олар сирек байқалады және көбіне қала шетінде ұшырасады. Қазақстандағы шаяндар адам өміріне қауіпті деп саналмайды. Олардың уы әлсіз. Шаққан кезде өткір әрі күйдіріп ауыртуы, ісіну, дене қызуының көтерілуі, жүрек айну және әлсіздік болуы мүмкін. Әдетте белгілер 1–2 тәулік ішінде басылады. Аллергиясы бар адамдар шаян уын ауыр көтереді”, – деп жауап берді Леонид Ким.
Арахнолог шаян шаққан жағдайда тыныштық сақтап, көп мөлшерде су ішуге және аллергияға қарсы дәрі қолдануға болатынын айтты. Сөзінше, бұрау (жгут) салуға, шаққан жерді кесуге, уды сорып алуға және алкоголь ішуге болмайды. Асқыну байқалса, токсикология бөлімі бар медициналық мекемеге жүгіну қажет екенін және Қазақстандағы шаяндардың уы әлсіз әрі олардың адамды шағу жағдайлары сирек болғандықтан, арнайы уға қарсы дәрі (антидот) әзірлеп, өндіру қажеттілігі жоқ екенін түсіндірді.
Алматыда 7 жастағы баланы сарышаян шағып алған: Ауруханада оған қарсы вакцина табылмады