Қазақстан пойыздарында WhatsApp пен Telegram арқылы тегін хат алмасуға мүмкіндік берілмек
Қазақстанда пойыз жолаушыларына Starlink спутниктік интернеті арқылы WhatsApp, Telegram және Aitu мессенджерлерінде тегін хат алмасуға мүмкіндік беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысында 108 пойыздың 1 500-ден астам вагонына тиісті жабдық орнатылғаны айтылды. Бұл пойыздар 51 бағыт бойынша қатынап, жылына 11 миллионнан астам жолаушы тасымалдайды.
Қазір жолаушылардың интернетті қандай шарттармен пайдаланатыны “Транстелеком” компаниясымен талқыланып жатыр. Жоспар бойынша, WhatsApp, Telegram және Aitu арқылы мәтіндік хабарламалар жіберіп, сапарға қажет ақпаратты тегін алуға болады.
Алайда қызметтің қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз. Сонымен қатар видео көру, қоңырау шалу және интернеттің басқа мүмкіндіктерін пайдалану ақылы бола ма, ол да нақтыланбаған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы бірқатар жолаушы пойызында интернет қолжетімді бола бастағаны туралы жазған едік. Сол кезде Көлік министрлігі теміржол көлігін цифрландыру аясында бес әлеуметтік маңызы бар бағыттағы пойыздарды спутниктік байланыс арқылы Wi-Fi желісіне қосылғанын айтты.
Үш баласы да АҚШ университеттеріне түскен қазақстандық әке бала тәрбиесіндегі 15 қағидасын атады
