Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан пойыздарында интернет қолжетімді бола бастады

wi-fi роутер
Фото: showmetech.com.br

Қазақстандағы бірқатар жолаушы пойызында интернет қолжетімді бола бастады. Көлік министрлігі теміржол көлігін цифрландыру аясында бес әлеуметтік маңызы бар бағыттағы пойыздарды спутниктік байланыс арқылы Wi-Fi желісіне қосты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрлік мәліметінше қазір мына бағытта қатынайтын пойыздарға интернет қосылған: 

  • Қызылорда-Павлодар;
  • Жезқазған-Астана;
  • Астана-Семей; 
  • Алматы-Достық; 
  • Қызылорда-Көкшетау.

Спутниктік байланыс технологиясы ұялы байланыс желісі жоқ теміржол учаскелерінде де тұрақты интернетке қосылуға мүмкіндік береді.

Жолаушылар пойыздағы Wi-Fi желісіне қосылып, авторизациядан өткеннен кейін WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы мәтіндік хабарламаларды тегін жібере алады. Ал әлеуметтік желілерді, бейнеплатформаларды және басқа да интернет сервистерін пайдалану үшін ақылы тарифті қосуға мүмкіндік қарастырылған.

Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында байланыс сапасының нашарлығына байланысты сот тәртібімен ұялы байланыс операторы тұтынушыларға төленген қаражаттың бір бөлігін қайтарған. Тұрғындар 41 күн бойы мобильді интернет пен байланыс қызметін толық пайдалана алмағанын айтып шағымданған. Осылайша, оператор сотта талаптардың негізді екенін мойындап, тараптар медиативтік келісімге келген еді. Соның нәтижесінде абоненттерге жалпы 234 мың теңгеден астам өтемақы төленді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 22 Шілде, 2026 11:08