"Тәтті жемейді, теледидар көрмейді": Үш баласы да АҚШ-қа оқуға түскен қазақстандық әке балаларын қалай тәрбиелегенін айтты
Қазақстандық әке үш баласының үшеуі де АҚШ университеттеріне грантпен түсіп, жетістікке жетуі үшін бала тәрбиесінде қандай ұстанымдарды басшылыққа алғанын айтты. Оның 15 қағидасының ішінде жылына бір-ақ рет балмұздақ жеуге рұқсат беру, тәттіні мүлде шектеу, үй жинау мен тамақ дайындауға міндеттеу, теледидар көрмеу және смартфонды 16 жасқа дейін ұстатпау сияқты ережелер бар. Алайда оның жазбасы желі қолданушыларының пікірін екіге бөлді. Бір тарап ата-ананың ұстанымын қолдаса, енді бірі балаларды шектен тыс қатаң тәрбиелегенін айтып, сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Кәмпит, балмұздақ, тәтті жемейді, теледидар көрмейді, смартфонға да уақыт шектеулі”
Қазақстандық Ерлан есімді үш баланың әкесі өз тәжірибесін желіде бөлісті. Айтуынша, балаларының бүгінгі жетістігіне берген тәрбиесі әсер еткен.
Оның 15 қағидасы мынадай:
- Біріншіден үйде кәмпит, тәттілер сияқты тағамдар болған жоқ. Газды сусындарға да рұқсат бермедік. Балмұздақты да өте сирек, шартты түрде жылына бір рет қана жейтін. Көбірек көкөніс, жеміс, жаңғақ, ботқа және ет жеуге мән бердік;
- Екіншіден телефон мен экран уақытын шектеу. Ұлымыз 16 жасқа дейін смартфон ұстамады. Соның арқасында ол көбірек кітап оқып, сурет салатын. Үйден шыққанда теледидардың, компьютердің және PlayStation-ның сымдарын өзімізбен бірге алып кететінбіз. Яғни балалардың экран алдында ұзақ отыруына мүмкіндік болмады;
- Үшіншіден теледидар көрмедік. Үйге кабельдік те, кәдімгі телеарналарды да қоспадық;
- Төртінші қағида – оларды спортқа баулу. Балаларды өзімнің кроссфит жаттығуларыма ертіп баратынмын. Алғашында олардың барғысы келмеді. Кейін "бару керек" деген кезең болды. Одан кейін "жарайды" деп келетін болды;
- Бесінші қағида – туыстармен араласу. Балалары әжесінің де қамқорлығын көріп өскен;
- Алтыншы қағида – өз бетінше әрекет етуге үйрету. Балалар сабақтарына көмектесуді сұрағанда, әдетте олардың тапсырмаларын өзім орындап бермейтінмін. Басты мақсат баланы өз бетімен ізденуге және мәселенің шешімін табуға үйрету;
- Жетінші қағидасы – балаларды үй шаруасына араластыру. Балалар үй шаруасына міндетті түрде көмектесетін: ыдыс жуатын, үй жинайтын, тамақ дайындайтын;
- Сегізінші қағида – үнемшілдік пен қарапайымдылық. Балаларды жарықты қажет болмаса өшіруге, суды босқа ағызып қоймауға үйреттік. Кафеге барғанда да артық нәрсеге тапсырыс бермейтінбіз. Мысалы, нан, лимонад, шай, десерт сияқты қосымша дүниелерді әдетте алмайтынбыз. Негізгі тамақ пен суға ғана тапсырыс беретінбіз. Балаларға тым көп сыйлық алып бермедік. Сондай-ақ оларды қымбат брендтерге немесе үнемі жаңа нәрсе сатып алуға қызығуға тәрбиелеген жоқпыз;
- Тоғызыншы қағида – ана тілі мен ұлттық мәдениетті ұстану. Балаларымыздың барлығы қазақ мектебінде оқыды. Қыздарға бастапқыда қазақ тілін жеткілікті білмегендіктен қиын болды. Бірақ олар біртіндеп бейімделіп, кейін үздік оқушылардың қатарына қосылды.Сонымен қатар олар алты-жеті жыл музыка мектебінде оқыды. Домбыра тартты, ұлттық әндер айтты. Қонақтардың алдында, тойларда және түрлі концерттерде өнер көрсетті.
- Оныншы қағидасы – балалардың түрлі үйірмелерге қатысуы мен өз бастамаларын жүзеге асыруы. Жоғары сыныптарға келгенде оларға өз клубтарын ашып көруді тапсырдым. Ұлым бизнес-клуб ашты.Үлкен қызым биология клубын ашты. Ал кіші қызым American Corner-да физика клубын құрды.
- Он бірінші қағида – университетке түсуге алдын ала дайындалу. Балалардың барлығы Назарбаев зияткерлік мектебіне түсуге дайындалды және арнайы оқу орталықтарына барды. Ұлымыз Назарбаев зияткерлік мектебіне түсті, ал қыздарымыз түсе алмады. Ұлымызға онда оқу оңай болды. Ал қыздарымыз оқуын кәдімгі қазақ мектебінде жалғастырды. 9–10-сыныптардан-ақ IELTS пен SAT емтихандарына дайындала бастады;
- Он екінші қағида – балалардың өз бастамаларын қолдау. Кіші қызымыз FLEX бағдарламасына өтінішті өзі берді. Тесттерден өтіп, сұхбаттарға қатысты. Біз оның бұл бағдарламаға қатысып жүргенін тіпті білмедік. Ол іріктеудің негізгі кезеңдерінен өтіп қойғаннан кейін ғана бұл туралы білдік;
- Он үшінші қағида – ұйымдастырушылық қабілетін дамыту. Уақыт өте келе қыздарымыз түрлі үйірмелер ұйымдастыруды, стартаптар мен ғылыми жобаларды іске қосуды үйренді. Олар ҚазҰУ және Назарбаев Университетімен де бірлесіп жұмыс істеді. Қарттар үйлерінде қайырымдылық концерттерін ұйымдастырды. Алматы мен Астанада шетелдік университеттерге түсу туралы форумдар өткізді. Осының бәрін ұйымдастыру барысында демеушілерді, серіктестерді, спикерлер мен қатысушыларды өздері іздеп, тарта білді;
- Он төртінші қағида – мотивация мен ата-ананың жеке үлгісін көрсету. Өзім АҚШ-та "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқып, Массачусетс технологиялық институтында магистратура бітірдім. Біз оларға өз тәжірибеміз туралы айтып отырдық. Білім адамның болашақта көбірек мүмкіндікке ие болуына, жақсы мансап құруына жол ашатынын түсіндірдік. Тек айтып қана қоймай, осы қасиеттерді өзіміз де ісімізбен көрсетуге тырыстық;
- Он бесінші қағида – талапшылдық пен бірізділік. Қатал ата-ана болдық. "Керек" болса — керек. "Болмайды" десек — болмайды. Бір ата-ананың қойған тыйымын екіншісінен рұқсат алып айналып өтуге болмайтын. Яғни балалар ата-ананың біреуінен "жоқ" деген жауап алса, екіншісінен барып "иә" деген жауап ала алмайды. Кейде бұл ережелерді өзіміздің сақтауымыз да қиын болды. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада балалар үшін бірізділік пен тұрақты талаптың пайдасы көбірек болады деп есептедік.
Ерланның айтуынша ұлы SAT-қа өз бетімен дайындалып, емтиханды бірінші рет тапсырғанда 1440 балл жинаған. Ал қызы онлайн курстар арқылы дайындалып, емтиханды бес рет тапсырып, соңында 1530 балл жинаған. Ол бүгінде балаларының оқуда озат болып, үздік нәтижелерге жеткенін алға тартты.
Дегенмен ол осы тұста әр отбасы бала тәрбиесінде өз жолын таңдауы керек екенін жеткізді. Айтуынша нәтиже бәрібір балалардың өздерінің қаншалықты күш салатынына байланысты.
“Университетке түсу, мансап құру немесе көп ақша табу — біз үшін басты мақсат емес. Ең бастысы — бақытты өмір сүру. Біз адамның еңбек ете білуі, тәртіпті болуы және қиындыққа қарамастан өз мақсатына ұмтылуы бақытты өмір құруға көмектеседі деп сенеміз. Сондықтан балаларымызда ең алдымен осы қасиеттерді қалыптастыруға тырыстық. Ал сіздердің бала тәрбиесіндегі негізгі ұстанымдарыңыз қандай?”, – деп сұрады ол желі қолданушыларынан.
“Балаларыңыздың мақсаты сізден қашу болған екен...”
Дегенмен желіде қазақстандықтар бұл әкенің ұстанымдарымен келіспей наразылықтарын жеткізді. Айтуынша, баланың жетістікке жетуі әр қадамын аңдумен өлшенбейді.
"Балаларыңыздың сізден мүмкіндігінше алысқа кетуге деген мотивациясы өте мықты болған екен. Бұл балалар үшін әдейі жасалған жасанды орта сияқты көрінеді. Олар үнемі шектеуде болған. Толық грантқа түсу үшін өзіңді соншалық қинаудың қажеті жоқ. Көп адам мұндай нәтижеге табиғи ортада, ерекше күш салмай-ақ жетеді";
"Мен өзім де АҚШ-қа толық грантпен оқуға түстім, кейін сол жерде профессор атандым. Бірақ, Құдайға шүкір, ата-анам мені мұндай қатаң жағдайда өсірген жоқ”;
"Әрине, жарайсыздар, дұрыс тамақтану маңызды. Бірақ менің бала тәрбиесіне деген көзқарасым басқаша болды. Балаларыма ешқашан қатты қысым жасамағанмын. Осы жетістіктерге олар да жетті. Сондықтан мұнда бәрі балаларды қаншалықты шектейтінімізге байланысты емес сияқты. Көп нәрсе баланың өзіне байланысты";
"Балаларыңыз демалуды, ештеңе істемей жай отыруды немесе достарымен қыдыруды үйренді ме екен? Басты сұрақ балаларыңыз сізбен бақытты болды ма?”, – деп жазды көпшілік.
Дегенмен автордың жазған қағидаларына тәнті болғандар да кездесті.
“Бұл жазба неге бірнеше жыл бұрын алдымнан шықпады екен?”, “Тәрбие ұстанымдарыңызға басымды идім”, “Сіздер кереметсіздер! Нағыз командасыздар! Жазбаңызды түсінген адам түсінді, ал түсінбеген адам, сірә, түсінбейтін де шығар! Бүкіл отбасыңызға сәттілік тілеймін!",- деп жазды қолдаушылар.
Дегенмен көпшілік пікір балаларды балалық шақтың бар қызығын көріп, еркін өсіру керек деген ұстанымда екендерін жазды.
