"70 жылға бөліп төлеуге бола ма?": Блогерлер Карина Оксукпаева мен Арман Юсупов Алматыдағы таунхаусын 224 миллион теңгеге сатпақ
Қазақстандық блогерлер Карина Оксукпаева мен Арман Юсупов Алматыдағы таунхаусын сатылымға шығарды. Ерлі-зайыпты үйін 224 миллион теңгеге бағалаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогердің айтуынша, отбасы үлкейіп, қазіргі баспана тарлық ете бастағандықтан, кеңірек үй іздеуге шешім қабылдаған.
Карина Оксукпаева үйін сататыны туралы Threads әлеуметтік желісінде хабарлады.
"Отбасымыз айтарлықтай үлкейіп келе жатқандықтан, шұғыл түрде таунхаусымызды сатамыз!", – деп жазды блогер.
Үйдің негізгі кеңістігінің ауданы 200 шаршы метрді құрайды. Каринаның сөзінше, таунхаусты ерлі-зайыпты өздері үшін жабдықтап, жөндеу жұмыстарына қаражат аямаған. Сатылым туралы хабарландыруда дизайнерлік жөндеу жасалғаны және жиһаздардың барлығы жаңа иесіне қалатыны көрсетілген.
Блогер баспананың артықшылықтарының бірі ретінде оның орналасқан жерін атады. Үй бірнеше жеке мектеп пен сауда орталықтарына жақын орналасқаны айтылған. Толық жабдықталған таунхаусты блогер 224 миллион теңгеге бағалаған.

Хабарландыру желіде қызу талқыға түсті
Блогердің жазбасы Threads қолданушыларының назарын аударды. Желі қолданушылары блогердің “отбасымыз үлкейіп келе жатыр” деген сөзінен Каринаның жүкті болуы мүмкін екенін болжаған.
Кейбір қолданушылар баспананың дизайнын жоғары бағалап, ұсынылған бағаны да орынды деп есептейтінін жазды. Тағы бір қолданушы Алматыдағы таунхаустың бағасын Астанадағы кейбір пәтерлердің құнымен салыстырды.
"Бағасы жақсы екен! Астанада кейбір пәтерлердің өзі осынша тұрады", – делінген пікірлерде.
Жазба астындағы пікірлерде желі қолданушылары үйдің бағасына қатысты әзілдеп, блогерлердің көршісі желіде Archibaaalt атымен танымал блогер Артур Асқарұлы туралы да қалжыңдаған. Кейбірі ерлі-зайыптының таунхаусты сату себебіне назар аударса, енді бірі бөліп төлеу мүмкіндігін сұраған.
"Артурдан қашып барасыңдар ма?", – деп жазды қолданушылардың бірі.
Ал Артур Асқарұлының өзі де пікір қалдырып, блогерлердің үйді сату себебіне әзілмен жауап берген:
"Иә, иә, отбасы үлкейіп жатыр дей салыңдар. Мені әбден шаршадық деп тура айтыңдар", – деп жазды ол.
Басқа қолданушылар да қалжыңға толы пікірлерін бөлісті. Бірі үйді сатып алу үшін “адамның қанша бүйрегі болуы керегін” сұраса, енді бірі "Kaspi Red арқылы 70 жылға бөліп төлеуге бола ма?" деп әзілдеген. Тағы бір қолданушы “224 миллион теңгені 2240 айға бөліп төлеу мүмкіндігін” сұрады.
Сондай-ақ пікірлер арасында "Көрші Артур бонусқа беріледі", "Жалғыз кемшілігі – көршісі Артур" деген әзілдер де болды. Ал кейбірі "Қазір 4 миллион беріп, қалған 220 миллионын кейін төлеуге бола ма?" деп ұсыныс білдірген.
Осылайша блогерлердің таунхаусты сату туралы шешімі мен баспананың бағасы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
1 қарашадан бастап Қазақстанда педиатрия бөлімшелер жабыла ма: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жауап берді