"Шариғатқа қайшы": ҚМДБ чайлдфри ұстанымына қатысты үкім шығарды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы чайлдфри идеологиясына қатысты үкім шығарды. Ғұламалар кеңесінің қорытындысына сәйкес, саналы түрде балалы болудан бас тарту ислам шариғатына қайшы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соңғы жылдары әлемде кең тараған көзқарас қоғамда қызу талқыланып жүр. Бірі оны жеке таңдау десе, енді бірі табиғат пен отбасы құндылықтарына қарсы ұстаным деп санайды.
Чайлдфри – саналы түрде балалы болудан бас тартуды таңдаған адамдардың өмір салты. Бұл үрдіс алғаш Батыс елдерінде кең таралып, кейін әлеуметтік желілер арқылы әлемге жайылды.
ОқыңызҒұламалар кеңесі бұл ұстаным ислам қағидаларына сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Діни басқарманың түсіндіруінше, ерлі-зайыпты орынды себептер болған жағдайда ғана жүктілікті уақытша кейінге қалдыра алады. Ал жауапкершіліктен немесе тұрмыстық қиындықтан қашып, балалы болудан әдейі бас тарту құпталмайды.
“Жалпы бұл шариғат үкіміне қайшы. Шариғатта құпталмайды, Пайғамбарымыздың сүнетіне де қайшы. Өйткені пайғамбарымыз өзінің көптеген хадистерінде үйленіңдер, көбейіңдер мен сендердің көптіктеріңмен қуанамын деген ертең қиямет күні”, – деді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы.
Осылайша, мүфтият чайлдфри идеологиясына діни тұрғыдан теріс баға берді. Ал Қазақстан заңдары бойынша азаматтарды балалы болуға да, болмауға да ешкім мәжбүрлей алмайды.