"Ұзағынан сүйіндірсін": Димаш Sadraddin-нің жетістігіне қуанып, анасына арнайы хабарласты
Әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген Алматының Орталық стадионында екі күн қатарынан концерт берген Sadraddin-ді құттықтады. Ол жас әншінің анасына арнайы хабарласып, ұлының жетістігіне қуанышын білдіріп, ақ тілегін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Sadraddin-нің анасы Айгүл Есқара әлеуметтік желідегі парақшасында Димаш Құдайбергенмен болған телефон әңгімесін бөлісті. Димаш жас әншінің концертінен үзінділер көргенін айтып, кештің жоғары деңгейде өткеніне қуанышты екенін жеткізді.
“Балаңыздың аяқ алысы құтты болсын. Концерттен үзінді видеоларды көрдім. Керемет өтіпті, бәріміз қуанып жатырмыз. Ініміздің алар белесі, жеңісі көп болсын”, – деді Димаш.

Әнші Sadraddin-нің анасының стадионда ұлына қуанып тұрған сәтін көріп, ерекше әсерленгенін де айтқан. Оның сөзінше, бұл көрініс өз концерттерінде анасының қуанған сәттерін есіне түсірген.
“Сіздің қуанып, нұрланып тұрғаныңызды көріп, өз анамның концертімде қуанғанын көргендей әдемі күй кештім. Құтты болсын. Ұзағынан сүйіндірсін”, – деді ол.
Димаш қазір шетелде өз концертіне дайындалып жүргендіктен, Sadraddin-нің Алматыдағы кешіне қатыса алмағанын да түсіндірген.
“Елде болғанда міндетті түрде барып, қолдар едім. Sadraddin, Алла қаласа, халықаралық деңгейге көтеріліп, әлем бойынша стадиондар жинап, концерт беретін күндері көп болсын”, – деп ақ тілегін білдірді Димаш Құдайберген.
Айта кетейік, Sadraddin Алматының Орталық стадионында екі күн қатарынан концерт өткізіп, 70 мың көрермен жинады. Жас әншінің бұл жетістігі әлеуметтік желіде де қызу талқыланды.
Үш баласы да АҚШ университетіне түскен қазақстандық әке бала тәрбиесіндегі 15 қағидасын атады