Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазір концерт өткізу орынсыз": Желідегі пікірталастан кейін Sadraddin концертін кейінге шегерді

Садраддин
Фото: Instagram.com/sadraddinn/

Алматыда 26 қыркүйекте өтетін Sadraddin-нің үлкен концерті әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді. Бұған концерттің Маңғыстауда қаза тапқан 14 әскери қызметшіге байланысты жарияланған жалпыұлттық аза тұту күнінен кейін бір күн өткен соң өтуі себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желідегі осы пікірталастан кейін бүгін әнші концерт күндерінің ауыстырылғанын хабарлады.

“Құрметті алматылықтар, қала қонақтары, тыңдармандарым! Маңғыстау облысында орын алған қайғылы жағдайға байланысты 26 қыркүйекке жоспарланған концертім 27 қыркүйекке, ал 27 қыркүйекке жоспарланған концертім 28 қыркүйекке ауыстырылатынын хабарлаймыз”, – деп жазды Sadraddin.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі концертті кейінге шегеру немесе мүлде өткізбеу керек деп есептеген. Ал енді бірі мұндай ауқымды шараға бірнеше ай бойы дайындық жүргенін айтып, концерт жоспар бойынша өтуге тиіс деген пікір білдірді.

Пікірталас Threads әлеуметтік желісіндегі жазбалардың бірінен кейін күшейген.

“26 қыркүйекте Sadraddin-нің Алматыда үлкен стадиондық концерті өтеді. Мүмкін, кейінге шегерген дұрыс шығар? Қазір мерекелік көңіл күй орынсыз сияқты”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Бұл пікірді қолдағандар қаза тапқан сарбаздарды еске алып, мұндай жағдайда ойын-сауық шарасын өткізу дұрыс емес екенін жазды.

“Бүкіл ел қайғырып отыр. Оның бірнеше ай дайындалғаны түсінікті. Бірақ жұмсалған ақша мен күштің орнын толтыруға болады, ал қаза тапқан адамдарды қайтара алмаймыз”, – деп жазған пікір иелерінің бірі.

Алайда концерттің өтуін қолдағандар да бар. Олар бір кештің артында тек әнші емес, жүздеген адамның еңбегі тұрғанын алға тартады.

“Концертке оның қандай қатысы бар? Ол бұл кешке жарты жыл дайындалды”, – деген пікірлер де жазылған.

Тағы бір қолданушы сахналық шоуға бишілер, күзет қызметі, техникалық мамандар және басқа да көптеген адам жұмылдырылғанын, ал арнайы қонақтардың бір бөлігі шетелден келетінін еске салды.

Бастапқы жоспар бойынша Sadraddin 26 қыркүйек күні сағат 19:00-де Алматыдағы Орталық стадионда өнер көрсетуі тиіс болған. Афишада арнайы қонақтар қатарында BAKR, ANDRO, Irina Kairatovna, Ayau және Maher Zain көрсетілген еді.

Істің мән-жайы

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Балнұр Рахматуллақызы
Сенбі, 26 Қыркүйек, 2026 13:20