Маңғыстау облысында қаза болған сарбаздармен қоштасу рәсімі өтті
Маңғыстау облысында әскери борышын өтеу кезінде қаза болған әскери қызметкерлермен қоштасу рәсімі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаралы жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстанның Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ұлттық құрылтай мүшелері, “Қазақстан Халық Кеңесінің” өкілдері, қоғам қайраткерлері және марқұмдармен бірге қызмет атқарған азаматтар қатысты.

Олар қаза болған әскери қызметкерлердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Марқұмдардың рухына Құран бағышталып, дұға жасалды.

“Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаза болған әскери қызметкерлердің отбасына мемлекеттік әлеуметтік төлемдер мен материалдық көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар жаназа және жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға қажет қолдау көрсетілуде”, – делінген хабарламада.
Бұған дейін Маңғыстау облысының әкімдігі қаза болған әскери қызметкерлердің отбасы мен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы қор белгіленгенін хабарлаған. Жиналған қаражат отбасылар мен зардап шеккендерге атаулы әрі ашық түрде бағытталады. Қаражаттың жұмсалуы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бақылауында болады.
Істің мән-жайы
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді