Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан әуежайларында тіркеуді ұшуға бір сағат қалғанда аяқтау ұсынылды

Әуежай тіркеу
Фото: 2Gis

Ведомствоаралық комиссия шекара және кеден бақылауын оңтайландыру, әуежайлардың жұмысын жақсарту және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру шараларын қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ведомствоаралық комиссия елдегі барлық әуежайда жолаушыларды тіркеу мен багажды рәсімдеуді ұшақ ұшардан 60 минут бұрын аяқтауды белгілеу ұсынысын қарады.

“Бұл жолаушыларға қызмет көрсету процесін реттеуге, әуежайлар мен әуе компанияларының жұмысын тиімді етуге және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға жағдай жасайды”, – деп хабарлады Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті.

Сонымен қатар комиссия отырысында әуежай комиссияларының жұмысын тиімді ету мәселесі қаралды. Комиссия отырыстарын әуежайлардың өзінде тұрақты түрде өткізу ұсынылды. Отырыстар әуежай бағдарламасында белгіленген мерзімде өтеді.

Мәселелердің бірі – шекаралық бақылау кезінде әуе кемелерін тексеруді оңтайландыру. Бұл ретте әуежайлардың жұмыс тиімділігі мен транзиттік мүмкіндіктері ескеріліп, қолданыстағы тәртіпті жетілдіру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар халықаралық рейстермен ұшатын жолаушыларды кедендік бақылаудан өткізу тәртібі де назардан тыс қалмады. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, жолаушыларды тәуекел деңгейіне қарай тексеру және олардың әуежайдағы қозғалысын тиімді ұйымдастыру мәселесі сөз болды.

Сондай-ақ жолаушылардың келуі мен ұшып кетуі туралы ақпаратты әуежайлар, әуе компаниялары және мемлекеттік органдар арасында электронды түрде алмасу мәселесі талқыланды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 06 Қазан, 2026 14:51