Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталды

бас қолбасшы Қанат Ниязбеков
Фото: gov.kz

Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оның қамауға алынуына санкция берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық істі тергеу барысында қызметіне салғырт қарағаны үшін Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, 1-ші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Соттың санкциясымен ол қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

 

Қанат Ниязбеков Қазақ КСР-інің Семей облысы Аягөз қаласында (қазіргі Абай облысы) дүниеге келген.

Алматы қаласындағы Б. Момышұлы атындағы Республикалық әскери мектеп-интернатын, Калининград жоғары әскери-теңіз училищесін (Ф. Ф. Ушаков атындағы Балтық әскери-теңіз институты) және Санкт-Петербург қаласындағы Н. Г. Кузнецов атындағы Әскери-теңіз академиясын тәмамдаған.

Істің мән-жайы

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажет сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 06 Қазан, 2026 15:08