Қайрат Нұртас, Sadraddin, Ninety One: Қазақстандық әншілер "Бішкек Аренаның" ашылу салтанатында өнер көрсетті
Қырғызстанда Орталық Азиядағы ең ірі стадиондардың бірі – “Бішкек Арена” ресми түрде ашылды. Мыңдаған көрермен жиналған салтанатты концертте қазақстандық өнерпаздар да сахнаға шығып, көрші елдің тыңдармандарына хит әндерін ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Бішкек Арена” 5 қазанда ресми түрде ашылды. Ауқымды музыкалық бағдарламаға Қырғызстан мен өзге елдердің ондаған әншісі шақырылған.
Қазақстан атынан Қайрат Нұртас, Ninety One, “Ирина Кайратовна”, Sadraddin, Yenlik, Shiza және аты аңызға айналған “Дос-Мұқасан” ансамблі өнер көрсетті. Бұл әртістердің бірқатары фестивальдің ресми бағдарламасында да көрсетілген.
Қайрат Нұртас пен Мирбек Атабеков бірге ән шырқады
Кештің ерекше сәттерінің бірі – Қайрат Нұртас пен қырғыз әншісі Мирбек Атабековтің дуэті болды.
Екі өнерпаз көрерменге жақсы таныс “Сұранамын” әнін бірге орындады. Әннің түпнұсқасын Мирбек Атабеков орындаған, кейін Қайрат Нұртас оның қазақша нұсқасын тыңдарманға ұсынған.
Екі елдің әншілері бір сахнада ән салған сәт әлеуметтік желіде де тарап, желі қолданушылары оны қазақ-қырғыз өнерін жақындастырған әсерлі дуэттердің бірі деп бағалады.
Қазақстандық жас орындаушылар да қырғыз көрерменінің алдында өнер көрсетті. Ninety One, “Ирина Кайратовна”, Sadraddin, Yenlik пен Shiza жаңа буын қазақстандық музыкасын таныстырса, “Дос-Мұқасан” ансамблі бірнеше буынға таныс әндерімен сахнаға шықты.
Концерт бағдарламасында америкалық Redfoo мен Party Rock Crew, сондай-ақ Өзбекстанның “Ялла” ансамблі секілді шетелдік өнерпаздар да болды.
Жеті сағатқа созылған концерт
Салтанатты кеш бірнеше сағатқа созылды. “Бішкек Арена” 51 мыңнан астам көрерменге есептелген. Іс-шараға кіру тегін болғанымен, көрермендер алдын ала электрон билет алып, Face ID арқылы верификациядан өтуге тиіс болды.
Ал қазақстандық өнерпаздардың жаңа арена сахнасында көптеп өнер көрсетуі кештің басты ерекшеліктерінің біріне айналды.
Үш баласы да АҚШ университетіне түскен қазақстандық әке бала тәрбиесіндегі 15 қағидасын атады
