Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Нұртас Астанада 35 мың көрермен алдында жары Жұлдызға ән арнады

Қайрат пен Жұлдыз
Фото: Instagram.com/kair_n

Қазақстандық әнші Қайрат Нұртас 27 қыркүйекте Астанада шығармашылығының 20 жылдығына арналған үлкен концерт өткізді. Astana Arena-да өткен кешке 35 мыңға жуық көрермен жиналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Концерт басталар алдында әнші Каспийде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алуды сұрап, стадиондағы жұрт бір минут үнсіздік жариялады.

Әншінің анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова бұл сәттен видео жариялап, 35 мың адамның бір мезетте үнсіз қалғанын жазды.

Кеш барысында Қайрат Нұртас тыңдармандарына жаңа әндерін ұсынып, бірнеше образда сахнаға шықты. Концерт түрлі қойылымдармен, арнайы эффектілермен және күрделі сахналық трюктермен толықты.

Бағдарламаның ортасында әнші Құдай қосқан жары Жұлдыз Әбдікәрімованы сахнаға шақырды. Қайрат Нұртас жұбайының қолынан ұстап, оған арнап ерекше ән орындады. Ерлі-зайыптының сахнадағы бұл сәті көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

“Керемет жұп”, “Кім не айтса да, осы екеуіне жететін жұп жоқ”, “Екеуі керемет жұп”, “Қандай керемет, Жұлдыз сәнін келтірді”, – деп жазды олар. 

Әншінің өзі де концерттен кейін көрермендеріне алғыс білдірді.

“Рақмет, Астана! 35 мың көрермен. Бір стадион. Бір жүрек. Бұл ұмытылмас кеш болды”, – деп жазды ол.

Әлеуметтік желі қолданушылары да концерттен алған әсерін жарыса бөлісіп, жанды дауысты, стадиондағы атмосфераны және сахналық қойылымдарды ерекше атап өтті.

Айта кетейік, Қайрат Нұртас мерейтойлық концерттерін өзге қалаларда да жалғастырмақ.

4 қазанда әнші Алматыда өнер көрсетеді. Сондай-ақ Шымкент, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында концерт беру жоспарланған.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 14:30