Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бензин құю кезінде өрт шыққан: Ақтөбе облысында ҚТЖ-ның екі жұмысшысы күйіп қалды

өрт болған жер
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында өндірістік учаскеде бензинді бір ыдыстан екіншісіне құю кезінде кенеттен өрт шығып, ҚТЖ-ның екі жұмысшысы жансақтау бөліміне түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Қазір оқиғаның мән-жайы заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік еңбек инспекциясының қатысуымен тергеліп жатыр.

"Оқиға 13 қазанда Қорғаныш орман екпелері дистанциясының Шалқар өндірістік учаскесінде болған. Күнделікті нұсқамадан өткен екі жұмысшыға 200 литрлік бөшкеде қалған бензинді төгу тапсырылған. Алайда жұмыс барысында қайғылы жағдай болған. АИ-92 маркалы бензинді бір ыдыстан екіншісіне құю кезінде кенеттен тұтану орын алды. Соның салдарынан екі жұмысшы да әртүрлі дәрежеде термиялық күйік алды. Зардап шеккендерге дереу алғашқы көмек көрсетіліп, кейін Шалқар қаласындағы аудандық ауруханаға жеткізілді", – деп хабарлады ҚТЖ ҰК магистральдық желі дирекциясының баспасөз қызметі.

Зардап шеккендердің бірі Жұбандық Дүйсенбаевтың қызы Алмагүл Қасымованың айтуынша, әкесінің денесінің 80 пайызы күйіп, қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Оның сөзінше, отбасы болған жағдай туралы бірнеше сағаттан кейін ғана білген.

"Қазір әкем өмірі үшін күрес жүріп жатыр. Бүкіл отбасымыз оның сауығып кетуін тілеп, дұға етіп отырмыз. Бізде басшылыққа қоятын сұрақ көп. Адам өміріне қауіп төнетін нысанда неге қажетті қауіпсіздік шаралары сақталмаған? Неге жүргізуші болып жұмыс істейтін әкем бензин құюға тиіс болған? Бұл жұмыс оның тікелей лауазымдық міндеттеріне кірмейді. Оған бұл тапсырманы кім берген? Қызметкерлерге берілетін тапсырмалардың заңдылығы мен қауіпсіздігі тексерілуі керек деп санаймыз", – деді зардап шеккен жұмысшының қызы Алмагүл Қасымова. 

Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.

"Оқиға “Ақтөбе орман екпелері дистанциясы” кәсіпорнында болған. Ол – “ҚТЖ” ҰК бөлімшесі. Қазіргі уақытта комиссияның құрамы бекітілді. Еңбек жөніндегі мемлекеттік инспектордың төрағалығымен жазатайым оқиғаны тергеу басталады", – деп түсіндірді Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Талғат Ысқарин.

Тергеу 10 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Ол аяқталғаннан кейін қорытынды жасалып, оқиғаның себебі анықталады. Комиссия өрттің шығу себептерін анықтап, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталған-сақталмағанын тексеруі керек.

Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен екі жұмысшы да Шалқар аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.

Еске салсақ, Шымкентте су құбырын ауыстырамын деп екі бірдей жұмысшы қаза тапқанын жазғанбыз. Өрімдей жігіттер көшедегі құдыққа түскен бойда шыға алмай тұншығып қалған. Оқиға қаладағы көліктер ағылып, жүргіншілер тоқтаусыз жүріп жатқан Қапал батыр көшесінде болған. Тұрғындар марқұмдардың жансыз денесін қоқыс жанынан көргендерін айтады.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 22:58