Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ҰБТ-ның жаңа форматы таныстырылды: Талапкерлер үшін не өзгереді

ҰБТ формат
Фото: Ұлттық тестілеу орталығы

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов орталықтың ETS халықаралық ұйымымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан Admission Insight Test (AIT) жобасын таныстырды. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Нұрсейіт Байжанов 15 қазанда Qazaq AI Research University форумында Бірыңғай ұлттық тестілеудің жаңа форматына қатысты жобаны таныстырды. Admission Insight Test (AIT) деп аталатын жобаны орталық ETS халықаралық ұйымымен бірлесіп әзірлеп жатыр. Жұмыс 2026 жылдың ақпанында басталған және 2030 жылға дейін жалғасады.

Жаңа тест екі бөлімнен тұрады: 14 бейіндік пән бойынша пәндік тесттер және дағдыларды бағалау тесті.

Пәндік тесттерде тапсырмалар мемлекеттік стандартқа сәйкес жаңартылады. Мұнда ақпаратты жай ғана жаттап алып, қайталаудан гөрі, оқу материалын терең түсінуге басымдық беріледі.

Ал дағдыларды бағалау тесті бес модульден тұрады. Олар:

  • Сыни ойлау, академиялық жазу және зерттеу дағдылары;
  • Коммуникациялық дағдылар;
  • Жасанды интеллектіні пайдалану сауаттылығы;
  • Сандық және цифрлық сауаттылық;
  • Креативті және дизайндық ойлау.

Соңғы модуль әлі әзірленіп жатыр. 

Ұлттық тестілеу орталығының директоры пәндік білімнің маңызы бұрынғыдай сақталатынын атап өтті.

 “Жаңа тесттегі дағдыларды бағалау бөлімі білімді тексеруді толықтырады, бірақ оның орнын алмастырмайды. Емтиханның ұсынылған құрылымы білім беру саясаты мен зерттеу нәтижелеріне қарай нақтыланады. Бүгінде білім тапшы ресурс болудан қалды. Енді ең маңыздысы – пайымдай білу”, – дейді Нұрсейіт Байжанов.

Оның айтуынша, жобаны іске асырудың келесі кезеңі – AIT тестін пилоттық режимде өткізу, ол 2027 жылдың көктеміне жоспарланған.

Бұған дейін Тоқаев ҰБТ нәтижесіне тоқталып, Түркістан облысында білім сапасының мәз емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұны PISA ұйымының зерттеуі де Түркістан облысындағы білім сапасының нашар екенін көрсетті. Бұл – аймақтың оқу-ағарту жүйесінде олқылықтар әлі бар деген сөз.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 17:00