ҰБТ-дағы бейіндік пәндерге қарсы болған: Ақтөбеде туған анасын өлтірген жасөспірімнің қылмысқа не себепті барғаны айтылды
Ақтөбеде былтыр 2 желтоқсанда анасына пышақ жарақатын салып, өліміне себеп болған 16 жастағы мектеп оқушысына қатысты сот процесі басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Биыл көктемде 11-сыныпты бітіруі тиіс болған жасөспірімнің сотқа дейін мамандандырылған медициналық мекемеде болғаны анықталды. Оған ресми түрде созылмалы шизофрения диагнозы қойылған.
Сот отырысында оқиға болған түні жасөспірім мен анасының арасында ҰБТ-дағы таңдау пәндеріне байланысты жанжал шыққаны анықталды. Жасөспірім анасы таңдаған бейіндік пәндерге – химия мен биологияға қарсы болған. Жанжалдың соңы қайғылы оқиғамен аяқталды.
Бұған дейін жасөспірім түрлі зияткерлік байқауларға қатысып, жекеменшік мектепке ауысқан. Онда жекелеген пәндерді, соның ішінде химия мен биологияны тереңдетіп оқыған.
Іс бойынша жәбірленуші ретінде жасөспірімнің 73 жастағы әжесі танылды. Ол да сол түні жарақат алған. Айыпталушының әкесі де сот отырысына қатысты.
Туыстары айыпталушының мінез-құлқынан ешқандай оғаштық байқамағандарын айтады.
Айыпталушы – отбасының тұңғыш ұлы. Оның інісі де сот отырысына келді. Алайда олар сотталушымен кездесе алмады, жасөспірім әлі де арнайы медициналық мекемеде жатыр.
Келесі сот отырысы 3 қыркүйекке белгіленді.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде мектеп оқушысы анасын өлтіріп, әжесін пышақтады деген күдікке ілінгені туралы жазған едік.
Қапшағайда гидроскутер "үрлемелі диванға" соқтығысты: Әйелдің қуығы жырылып, қыз есін жоғалтқан
