Бір мектептен бес бірінші орын: Жоғары нәтиженің артында не бар?

Бір мектептің оқушылары бір оқу жылында республикалық олимпиадалардың қалалық кезеңдерінде 13 жүлделі орын алған. Оның бесеуі – бірінші орын. Физика, математика, химиядан бөлек, ғылыми жоба мен IT жарыстарында да жүлде бар. Бұл бір жылдағы сәтті нәтиже ме, әлде оның артында жүйелі жұмыс бар ма? Stan.kz осы сұрақтың жауабын іздеп, Baiterek Science & Technology School-дегі академиялық жүйеге үңілді.
Бір мектептен – бірнеше жеңімпаз
2025-2026 оқу жылында мектеп оқушылары 90-нан астам жүлделі орын мен диплом алған. Жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар әртүрлі сыныпта оқиды және түрлі бағытта жетістікке жетіп жүр.
Жоғары сыныптар арасында Қуандық Аружан Қуатқызы мен Мусабаев Джангир Ержанович физикадан I орын алды. Кунтасова Тамина Бауржанқызы, Арманқызы Амира және Садырбай Амина Айдарқызы тіл пәндерінен I орын жеңіп, абсолютті жеңімпаз атанды.
Жетістіктер бастауыш сыныптарда да бар. "Алтын сақа" олимпиадасында Досымов Алинур II орын, ал Маринин Глеб, Жолдасбаева Самира және Жариков Александр III орын алды.
IT бағытында 9-сынып оқушылары Python және Roblox Studio арқылы ойындар жасап, IT GameFest фестивалінде жүлделі орындарға ие болды. Оспан Бауыржан I орын, Ербол Елмурат пен Бауыржан Нурсерик II орын, Канат Айым мен Абрахманова Лиина III орын алды.
Халықаралық жарыстарда да нәтижелер бар. Ғабит Саян Next Gen Olympiad-та II орын иеленсе, Сабирова Т., Елмұрат Ә. және Құралбай К. Shoqan Ecology халықаралық ғылыми форумында II орын алды.

Яғни жетістіктер бір ғана пәнмен немесе бір жастағы оқушылармен шектелмейді. Әртүрлі сыныптағы оқушылардың түрлі бағытта қатар нәтиже көрсетуі мектептегі оқу жүйесіне назар аударуға себеп болады.
Жаттау емес, түсіну
Академиялық жүйесі мықты мектеп оқушының тақырыпты білгенін ғана емес, алған білімін қолдана алғанын да қалайды. Сондықтан мұндай оқу жүйесінде дайын жауапты жаттатудан гөрі, мәселені түсініп, шешімін өз бетімен табуға мән береді. Логикалық тапсырмалар, күрделі есептер, жобалық жұмыстар мен STEM сабақтары осы дағдыны қалыптастыруға көмектеседі.
Бұл тәсіл Baiterek Science & Technology School-дегі оқу процесінде де бар. Мұнда оқушыға дайын шешімді қайталаудың орнына, тапсырманы талдап, бірнеше жолын қарастырып, өз шешімін табуға мүмкіндік беріледі.
Мысалы, оқушы формуланы жатқа білуі мүмкін. Бірақ оны жаңа есепте қалай қолдану керегін түсінбесе, бұл білімнің оған аса пайдасы жоқ. Ал есептің шешімін өз бетімен іздеп, қателесіп, қайта қарап көрген бала алған білімін басқа жағдайда да қолдануға үйренеді.
Математикалық база ойлауды жүйелейді
Бүл мектептің академиялық жүйе негізінің бірі – математика. Baiterek Science & Technology School-дегі математика физика-математика бағытындағы мектептердің әдістемесі бойынша оқытылады. Мұндағы мақсат – есеп арқылы оқушының алгоритмдік және аналитикалық ойлауын дамыту. Дәл осы дағды кейін математикамен ғана шектелмей, физика, IT, инженерия сияқты күрделі бағыттарды меңгеруге де көмектеседі.
Бұл тәсіл олимпиадалық есептерде де қажет. Онда дайын алгоритм әрдайым бола бермейді. Оқушы таныс формуланы жаңа жағдайда қолдануы, бірнеше шешім жолын қарастыруы мүмкін. Бірінші әрекеті дұрыс болмаса, қатесін тауып, қайтадан көреді.

Мұндай әдіс тек олимпиадаға дайындалатын оқушыларға ғана қатысты емес. Бір сыныптағы балалардың оқу қарқыны әртүрлі болғандықтан, тапсырманың күрделілігі де оқушының қазіргі деңгейіне қарай өзгеруі мүмкін. Бір оқушы тақырыпты бекітуге көбірек уақыт жұмсаса, екіншісі сол білімді күрделі есепте немесе жобада қолдануға көшеді. Мұнда мақсат – оқушыларды "әлсіз" және "мықты" деп бөлу емес, әрқайсысының келесі қадамына жағдай жасау.
Science, Engineering және IT: баланы болашаққа дайындайтын үш бағыт
Технология көптеген саланың ажырамас бөлігіне айналғандықтан, оқушының ғылыми және инженерлік ойлауын дамыту керек. Осы тұрғыдан Science, Engineering және IT бағыттары баланың білімді практикада қолдануына мүмкіндік беретін маңызды құралдардың біріне айналып отыр.
Science оқушыны сұрақ қоюға, болжам жасауға, фактілерді талдауға және қорытынды шығаруға үйретеді. Engineering осы білімді нақты мәселені шешуге қолдануға мүмкіндік береді. Ал IT идеяны іске асыруға, ақпаратпен жұмыс істеуге көмектеседі.
Мұндай тәсілде бала дайын құралды пайдаланып қоймай, мәселені анықтап, шешу жолын іздейді, бірнеше нұсқаны сынап көреді және нәтижесін талдайды. Сонда академиялық білімнің тек теория ретінде қалмай, нақты әрекетке айналады.
Сондықтан BSTS бұл бағыттарды оқушының жас ерекшелігіне қарай ерте жастан енгізуге мән береді. Бастауыш сыныпта балалар логика мен алгоритмдік ойлауды дамытса, орта буында бағдарламалау, деректермен жұмыс істеу және 3D-модельдеу сияқты бағыттармен танысады. Жоғары сыныпта оқушылар күрделі жобаларға көшіп, алған білімін нақты міндеттерді шешуге қолданады.

Мұндағы мақсат әр баланы бағдарламашы ету емес. Негізгі міндет – технологиядан қорықпайтын, логикасы мықты және жаңа білімді тез меңгеруге бейім оқушы қалыптастыру. Бұл дағдылар тек IT саласында емес, кез келген пәнді меңгергенде қажет.
Бұл тәсілдің нақты мысалы ретінде 9-сынып оқушыларының IT GameFest фестиваліне дайындаған жобаларын атауға болады. Оқушылар Python және Roblox Studio платформаларында ойын әзірлеп, өз жобаларын қорғаған. Нәтижесінде олардың жұмыстары I, II және III орындарға ие болған.
Сабақ пен емтиханға дайындық қатар жүреді
Мектепте оқушылар күнделікті сабақпен бірге ҰБТ, IELTS және SAT емтихандарына да дайындалады. Өткен тақырыптар практикалық тапсырмалармен бекітіліп, кейін емтихан форматына жақын есептермен пысықталады.
Оқушыны әділ бағалау және оның қатесін сабаққа айналдыру
Кез келген мектепте оқушының білімін бағалайды. Бірақ баға оның нақты қай тақырыпты жақсы меңгергенін, қай жерде қиналатынын және білгенін жаңа жағдайда қолдана алатынын толық көрсете бермейді.
Сондықтан мықты академиялық жүйенің алғашқы міндеттерінің бірі – оқушының қай деңгейде тұрғанын анықтау. Бұл үшін тек тоқсандық бағаға қарау жеткіліксіз. Оқушының тапсырманы қалай орындағанын, қай жерде қателескенін және сол қатенің себебін де түсіну қажет.
Мәселен, оқушы математикадан бір есепті қате шығарды делік. Ол формуланы білмеуі мүмкін. Ал кейде есептің шартын түсінбеуі немесе біліп тұрған формуласын қалай қолданатынын білмеуі мүмкін.
Екі жағдайда оқушыға әртүрлі көмек керек. Мұны BSTS жақсы түсінеді, сондықтан олар оқушының білімін тексеру үшін Cross-test әдісін қолданады. Бір ғана мұғалім емес, бірнеше педагог әртүрлі тапсырма арқылы баланың бір тақырыпты қаншалықты меңгергенін тексеріп, оны әділ бағалайды. Бірақ мұнда маңызды тест емес, сол тест нәтижеден кейін не істелетіні.
Бірнеше оқушы бір тақырыптан қиналса, мұғалім тақырыпқа қайта оралады. Ал тек бір оқушы қиналса, онымен бөлек жұмыс істейді. Осы кезде қате жауап жай ғана бағаға әсер ететін белгі болып қалмайды. Ол келесі сабақта неге көңіл бөлу керек екенін көрсетеді.
Ал оқушының оқу нәтижесін үнемі бақылау үшін Tinqdom цифрлық жүйесін пайдаланады. Бұл қай тақырыптарда қиындық барын анықтауға көмектеседі. Бұл жерде технологияның өзі емес, одан кейінгі әрекет маңызды. Себебі кез келген көрсеткіш мұғалім келесі қадамды дұрыс таңдағанда ғана пайдаға асады.
Жүйенің артында мұғалім тұр
Академиялық жүйе тек оқу бағдарламасы, технология немесе тапсырмалардан құралмайды. Оның күнделікті жұмысын мұғалімдер мен әдіскерлер атқарады. Олар оқу нәтижелерін талдап, сабақ тәсілдерін жетілдіреді, оқушының неде қиналатынын анықтап, қажет жағдайда жеке жұмыс жүргізеді. Мұның көп бөлігі сырт көзге көріне бермейді.
Оқушы үшін бұл бір қарапайым нәрсе болып көрінуі мүмкін: түсінбеген тақырыпты қайта түсіндіреді, күрделірек тапсырма береді немесе қателескен тапсырманы қайта қарайды. Ал осы әрекеттер тұрақты қайталанғанда ғана жүйе қалыптасады.
Әрине, 90-нан астам жүлделі орынға тек бір себеппен баға беру дұрыс емес. Оқушының қабілеті, ынтасы, еңбегі мен ата-ананың қолдауы да маңызды. Бірақ бір оқу жылында әртүрлі пәннен, ғылыми жобалардан және IT жарыстарынан қатар нәтиже шығуы мектептегі оқу процесіне назар аудартпай қоймайды. Өйткені жүлде – нәтиже. Оның алдында күнделікті сабақ, қате, қайта түсіндіру, күрделі тапсырма, жоба және тағы бір рет жасап көру бар. Академиялық жүйенің мәні де осында: баланы дайын жауапқа жеткізу емес, жауапты өз бетімен таба алатындай етіп оқыту.
Қапшағайда гидроскутер "үрлемелі диванға" соқтығысты: Әйелдің қуығы жырылып, қыз есін жоғалтқан