АҚШ әлем бойынша иммиграциялық визаларға өтініш қабылдауды тоқтатты
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі иммиграциялық визаларға берілген өтініштерді қарауды уақытша тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым мәліметінше, АҚШ билігі заңды және заңсыз көші-қонды бақылау үшін осындай шешім қабылдаған. Өтініш қабылдау АҚШ-тың әлемдегі елшіліктері мен консулдықтарында уақытша тоқтатылған.
Консулдық қызметкерлері осы уақыт ішінде арнайы оқудан өтеді. Олар визаны қарау кезінде АҚШ-тың әлеуметтік көмегіне мұқтаж болуы мүмкін адамдарды анықтауды үйренеді.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, қызметкерлер арнайы оқудан өтіп жатқандықтан, визалық сұхбаттардың уақыты өзгертілген. Қазір ведомство қызметкерлерге өтініш берушілерді бағалау тәртібін түсіндіретін жаңа нұсқаулықтар мен оқу бағдарламаларын дайындап жатыр.
Financial Times мәліметінше, сұхбатқа жазылып қойған үміткерлерге кездесулердің тоқтатылғаны туралы электрондық хат жіберілген. Оларға жаңа күн мен уақыт кейін хабарланатыны айтылған. Вашингтондағы иммиграциялық заң фирмасының заңгері Брайан Симмонстың айтуынша, көптеген өтініш беруші сұхбатқа бару үшін мыңдаған доллар жұмсап, күнделікті жоспарларын өзгерткен. Алайда олардың кездесулері соңғы сәтте тоқтатылған. АҚШ билігі бұл шаралар иммиграциялық бақылауды күшейтіп, елге кіру тәртібін қатаңдату мақсатында қабылданып жатқанын мәлімдеді.
Трамп әкімшілігі АҚШ-қа алғашында туристік немесе іскерлік мақсатпен заңды түрде кірген, кейін елден баспана сұраған адамдардың визаларын жоюды жоспарлап отыр. Бұл шара 200 мыңға дейін адамға әсер етуі мүмкін және АҚШ тарихындағы визаларды жаппай жою бойынша ең ірі шараға айналуы ықтимал. Бұл жұмыстар АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігімен бірлесіп жүргізілмек.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Трамп тұсында виза алуға өтініш берушілерге қойылатын талаптар да күшейген. Оның ішінде әлеуметтік желідегі парақшаларды тексеру және құжаттарды өңдеуге байланысты қосымша шығындар бар.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаменті 2026 жылғы 21 қаңтардан бастап бірқатар ел азаматтарына иммиграциялық визалар беруді уақытша тоқтататыны туралы жазған едік. Ол кезде 75 елдің азаматтарына иммиграциялық виза беруді тоқтата тұрған еді. Бұл елдер қатарында Қазақстан да болды.
Қазақ тілін қорлаған бұрынғы Ресей азаматы 15 күнге қамалды
