АҚШ 50 елдің азаматтарына 20 мың долларға дейінгі визалық кепілдік енгізді

АҚШ 3 тамыздан бастап әлемнің 50 елінің азаматтары үшін тұрақты визалық кепілдік жүйесін енгізеді. Енді бұл елдердің азаматтары АҚШ визасын рәсімдеу кезінде 20 мың долларға дейін кепілдік жарнасын төлеуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі АҚШ Мемлекеттік департаментіне сілтеме жасаған хабарлайды.
Әңгіме B-1/B-2 санатындағы іскерлік және туристік визалар туралы болып отыр. Кепілдік жарнасының нақты мөлшерін әр өтініш бойынша консулдық қызметкері жеке анықтайды.
Мемлекеттік департаменттің мәліметінше, егер виза иесі АҚШ-тан белгіленген мерзімде кетсе, визаны пайдаланбаса немесе елге кіруге рұқсат берілмесе, кепілдік қаражаты толық қайтарылады. Ал елде болу талаптарын бұзған жағдайда бұл қаражат мемлекет пайдасына ұсталып қалады.
Тізімге Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен қатар Алжир, Ангола, Бангладеш, Камбоджа, Орталық Африка Республикасы, Моңғолия, Непал, Никарагуа, Тунис, Уганда, Венесуэла, Зимбабве және Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Латын Америкасындағы өзге де елдер енген.
АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл шешімді аталған елдердің азаматтары арасында визалық режимді бұзу және елде рұқсат етілген мерзімнен артық қалу жағдайлары жиі тіркелетінімен түсіндірді. Ведомствоның айтуынша, жаңа шара визаларды заңсыз пайдаланудың және мерзімінен артық қалудың алдын алуға бағытталған.
Бұған дейін бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істеген. Ол кезде өтініш берушілерден жағдайға қарай 5 мыңнан 15 мың долларға дейін кепілдік талап етілетін. Енді ең төменгі 5 мың долларлық шек алынып тасталып, ең жоғары сома 20 мың долларға дейін ұлғайтылды.
Associated Press агенттігінің мәліметінше, 2024 жылы тізімге енген елдердің азаматтары АҚШ-та болу мерзімін шамамен 45,5 мың рет бұзған. Ал пилоттық жоба іске қосылған алғашқы 10 ай ішінде мұндай жағдайлардың саны 50-ден аз болған.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін