Қазақстандықтар қандай ауамен демалып жүр және ол несімен қауіпті
Қазақстанда ауа сапасына жүргізілген мониторинг қорытындысы жарияланды. Мамандар еліміздегі 70 елді мекеннің 11-інде ауаның ластану деңгейі жоғары немесе өте жоғары екенін анықтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қазгидромет" мекемесінің 2025 жылғы мониторинг нәтижесіне сәйкес, 27 елді мекенде ауаның ластану деңгейі көтеріңкі, ал қалған 32 елді мекенде төмен болған. Ауасы қатты ластанған елді мекендердің қатарына Қарағанды, Теміртау, Сәтбаев, Абай, Ақтөбе, Алматы, Талғар және Түркістан қалалары кірді. Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы Шұбаршы мен Кеңқияқ және Атырау облысындағы Жанбай елді мекендері де осы тізімде бар.
Ең жоғары көрсеткіштердің бірі Ақтөбе облысындағы Кеңқияқта тіркелген. Мұнда ауадағы күкіртсутектің мөлшері рұқсат етілген шектен 33,4 есе асып кеткен. Ал Шұбаршыда бұл көрсеткіш 13,8 есеге жеткен. Қарағандыда ауа құрамындағы PM2,5 деп аталатын өте ұсақ шаң бөлшектерінің мөлшері рұқсат етілген деңгейден 27,4 есе жоғары болған. Бұл бөлшектердің қауіптілігі – олардың көзге көрінбейтіндей ұсақ болуында. Олар тыныс алу жолдары арқылы өкпенің терең бөлігіне дейін өтіп, денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін.
Мамандар Қарағандыдағы ауа сапасына жеке үйлерді жылыту үшін жағылатын отын мен автокөліктерден бөлінетін түтіннің әсер ететінін атап өткен. Әсіресе, желсіз күндері зиянды заттар ауада ұзақ сақталып, ластану деңгейі арта түседі.
Ақтөбеде де күкіртсутек мөлшерінің жоғарылағаны тіркелген. Оның ең жоғары көрсеткіші рұқсат етілген шектен 16,1 есе асқан. Бұған өнеркәсіп орындары, көлік қозғалысы, коммуналдық нысандар мен кәріз жүйелері әсер етуі мүмкін. Ал Алматыда зиянды заттардың мөлшері шекті деңгейден 9,6 есеге дейін асқан. Қала ауасында азот диоксиді, көміртек тотығы, ұсақ шаң бөлшектері, күкірт диоксиді, озон және бензапирен мөлшерінің жоғарылағаны байқалған. Теміртауда ең жоғары көрсеткіш рұқсат етілген шектен 9 есе асса, Сәтбаевта 9,9 есе, Абайда 7,2 есе болған.

Атырау, Өскемен, Астана және Шымкенттегі жағдай қандай?
Мониторинг қорытындысында бұл қалалар ауаның ластану деңгейі көтеріңкі елді мекендердің қатарына енгізілген.
Атырауда жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш рұқсат етілген шектен 19,7 есе асқан. Ауа құрамында күкіртсутек, көміртек тотығы, күкірт диоксиді, азот қосылыстары және басқа да зиянды заттардың мөлшері жоғарылаған. Мамандар ықтимал ластану көздері ретінде мұнай-газ кәсіпорындарын, кәріз нысандарын, өндіріс орындарын және жылу энергетикасын атаған.
Өскеменде көміртек тотығының мөлшері белгіленген шектен 5,4 есе жоғары болған. Қаладағы ауа сапасына өнеркәсіп кәсіпорындары, автокөліктер және жеке тұрғын үйлердегі жылыту жүйелері әсер етуі мүмкін. Шымкентте зиянды заттардың ең жоғары мөлшері рұқсат етілген шектен 3,6 есе асып кеткен. Негізгі ластаушы заттардың қатарында күкіртсутек, көміртек тотығы мен шаң бар.
Ал Астана 2025 жылдың жалпы қорытындысында ауа ластануы көтеріңкі елдімекендердің қатарына кірген.
Ауаны қандай заттар ластайды және олар несімен қауіпті?
Күкіртсутек — шіріген жұмыртқаның иісіне ұқсас өткір иісі бар түссіз улы газ. Органикалық заттар ыдырағанда түзіледі. Сондай-ақ өнеркәсіп пен мұнай-газ нысандарынан бөлінуі мүмкін. Ауадағы мөлшері көбейсе, денсаулыққа қауіп төндіреді.
Азот диоксиді — зауыттарда, электр станцияларында және көлік қозғалтқыштарында отын жанғанда бөлінетін зиянды газ. Тыныс алу жолдарын тітіркендіріп, дем алуды қиындатуы және демікпені асқындыруы мүмкін.
Көміртек тотығы, яғни иіс газы — отын толық жанбағанда түзілетін түссіз әрі иіссіз газ. Ол қанның оттегін тасымалдауына кедергі келтіреді. Мөлшері жоғары болса, адамды ауыр улануға әкелуі мүмкін.
Күкірт диоксиді — құрамында күкірт бар отынды жаққанда және кейбір өндірістік процестер кезінде бөлінетін өткір иісті газ. Тыныс алу жолдарын тітіркендіреді. Әсіресе демікпесі бар адамдарға қауіпті.
Аммиак — өткір иісті түссіз газ. Ауаға өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы нысандарынан таралуы мүмкін. Жоғары концентрацияда көзді, теріні және тыныс алу жолдарын тітіркендіреді.
Фенол — өнеркәсіпте қолданылатын улы химиялық қосылыс. Өндірістік шығарындылармен бірге ауаға түсуі мүмкін. Оның әсерінен шырышты қабықтар тітіркеніп, ішкі ағзалар зақымдануы ықтимал.
Жерге жақын қабаттағы озон күн сәулесінің әсерінен ауадағы ластаушы заттар өзара химиялық реакцияға түскенде пайда болады. Атмосфераның жоғарғы бөлігіндегі қорғаныш озон қабатынан айырмашылығы — бұл газ адамға зиян. Ол өкпені тітіркендіріп, тыныс алуды қиындатуы мүмкін.
Бензапирен — органикалық отын толық жанбағанда түзілетін улы зат. Көліктерден, жылыту жүйелері мен өнеркәсіп нысандарынан шығатын түтіннің құрамында кездесуі мүмкін. Қатерлі ісіктің даму қаупін арттыратын канцерогендерге жатады.
PM2,5 және PM10 — ауада қалқып жүретін ұсақ бөлшектер. PM2,5 бөлшектерінің диаметрі 2,5 микрометрден, ал PM10 бөлшектерінікі 10 микрометрден аспайды. Олар тыныс алу жүйесіне еніп, ең ұсақтары өкпенің терең бөліктеріне дейін жетеді. Мұндай бөлшектермен ластанған ауаның әсері тыныс алу және жүрек-қан тамырлары аурулары қаупінің артуымен байланысты.
Шаң және өзге де қалқыма бөлшектер кәсіпорындардың жұмысы, көлік қозғалысы, құрылыс және отын жағу кезінде ауаға таралады. Олар тыныс алу жолдарын тітіркендіреді. Денсаулыққа әсері бөлшектердің көлемі мен химиялық құрамына байланысты.
Қай қалаларда ауаның ластану деңгейі төмен?
"Қазгидрометтің" жылдық есебіне сәйкес, Ақтау, Семей, Көкшетау, Орал, Талдықорған, Балқаш, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Екібастұз және басқа да бірқатар елді мекенде ауаның ластану деңгейі төмен деп бағаланған.
Мониторинг барысында күкіртсутек, азот диоксиді, көміртек тотығы, күкірт диоксиді және ұсақ шаң бөлшектері сияқты заттар бақыланған. Олардың кейбірі тыныс алу жолдарын тітіркендірсе, енді бірі жоғары мөлшерде адам денсаулығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін.
"Қазгидрометтің" есебінде 2025 жылы республика бойынша ауаның жоғары деңгейде ластануының 481 жағдайы және өте жоғары деңгейде ластануының бір жағдайы тіркелгені көрсетілген.
Ең көбі Қарағандыда анықталған, яғни 259 жағдай белгілі болған. Атырауда 119, Кеңқияқта 36, Шұбаршыда 16, Астанада 15, Петропавлда 11 және Ақтөбеде 9 жағдай тіркелген. Құлсарыда болса 16 жағдай анықталған.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау тұрғындары қаладағы өткір жағымсыз иіске шағымданған еді. Экология министрлігі ауадағы күкіртсутек мөлшерінің жоғарылауына кәріз нысандары, булану алаңы мен жылу қазандықтары әсер еткенін мәлімдеді. Жергілікті тұрғындар жағымсыз иістен басы ауырып, тыныс алуы қиындағанын айтқан.
"Қазақстан аруы" Алина Ри "Ғалам аруында" киетін 30 келілік ұлттық костюмін көрсетті