Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“11 миллион теңге ұсынды”: Тараздық бойжеткен Шакираның концертте лақтырған көзілдірігін қағып алған

Назифат
Фото: instagram.com/nazifat_04

Бішкектегі концертте Шакираның көзілдірігін қағып алған 22 жастағы тараздық Назифатқа оны сатып алғысы келетіндер хабарласа бастаған. Бойжеткеннің айтуынша, аксессуар үшін 25 мың доллар, яғни шамамен 11,2 миллион теңге ұсынғандар да бар. Алайда ол көзілдірікті сатудан бас тартқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Назифат көзілдірікті қағып алар сәтте әншінің өнерін телефонға түсіріп тұрғанын айтады. Аксессуардың өздеріне қарай ұшып келе жатқанын байқаған ол қолын созып үлгерген.

"Концертті видеоға түсіріп тұрғанмын. Бір кезде көзілдіріктің бізге қарай ұшқанын көрдім. Қайда түскеніне қарамастан, қолымды артқа создым. Қолыма ілінгенін сезіп, өзіме қарай тартып алдым. Алғаш қарағанымда сенбедім. Екінші рет қарағанда да өз көзіме өзім сене алмадым", – дейді ол.

Осы оқиғасын әлеуметтік желіде бөліскеннен кейін бойжеткенге түрлі ұсыныс түсе бастаған. Біреулер көзілдірікті сатып алуға ниет білдірсе, енді бірі тіпті тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған.

Назифаттың сөзінше, аксессуарға 25 мың доллар беруге дайын адамдар да табылған. Бірақ ол әлемдік жұлдыздан қалған естелікті ақшаға айырбастағысы келмейді.

"Шакираның көзілдірігін сатуды жоспарлап отырған жоқпын. Өйткені бұл – әлемдік деңгейдегі жұлдыздың сыйлығы", – дейді бойжеткен.

Назифат көзілдіріктің кейінгі тағдырын әлі шешпегенімен оны өзі тағып жүруді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Шакира 18 қазанда Бішкектегі "Бішкек Арена" стадионында өнер көрсетті. Las Mujeres Ya No Lloran World Tour әлемдік туры аясында өткен кеш әншінің Орталық Азиядағы алғашқы концерті болды.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 20:30