Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әскери қызметкерлерге жалақы төлеу тәртібі өзгереді

 
әскерилер
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанда Ішкі істер министрлігіне қарасты әскери қызметкерлерге жалақы мен жәрдемақы төлеудің кейбір талаптары өзгерді. Енді жұмысқа себепсіз келмеген күндерге ақы төленбейді. Сондай-ақ қылмыстық іске байланысты тергеуге алынған әскери қызметкерлердің төлемі мен ақталған жағдайда алатын қаражаты да нақтыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ішкі істер министрінің 28 қыркүйектегі №682 бұйрығына сәйкес, жаңа талаптар 30 қазаннан бастап күшіне енбек.

Әскери қызметкер жұмысқа келмесе, жалақысы қалай есептеледі?

Бұдан былай әскери қызметші бір ай толық қызмет атқармаса, ақшасы жұмыс істеген күндеріне қарай есептеледі. Яғни, еш себепсіз жұмысқа шықпаған күндері үшін ақша берілмейді. Мұндай жағдайда командир әскери қызметкердің қай күндері болмағанын көрсетіп, арнайы бұйрық шығаруы тиіс.

Қылмыстық іске байланысты тергеуге алынғандар қанша ақша алады?

Жаңа тәртіпте қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген әскери қызметкерлерге қатысты да өзгеріс бар.

Егер әскери қызметкер күдікті деп танылып немесе оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылып, уақытша командирдің қарамағында болса, осы кезеңде оған ең төменгі жалақы мөлшерінде ақша төленеді. Қазір бұл сома 85 мың теңгені құрап отыр. Дегенмен адамның қылмыстық іске қатысы бар деген күдік дәлелденбесе, тергеу аяқталғаннан кейін ақталған әскери қызметкердің бұрын ала алмаған ақшасы қайтарылады.

Басқа қызметке ауысқандардың жалақысы сақтала ма?

Кейде әскери қызметкер бұрынғы орнынан босатылғанымен, жаңа қызметке бірден тағайындалмайды. Мұндай кезде ол уақытша командирдің қарамағында болады. Егер қызметкер басқа лауазымға ауысатын болса, бұрынғы қызметінде алған жалақысы екі айға дейін сақталады. Ал әскери бөлімде құрылым немесе штат өзгеріп жатса, бұл мерзім үш айға дейін созылады.

Далалық оқу-жаттығуға қатысқандар ақшасын қашан алады?

Бір тәуліктен ұзақ уақытқа созылатын далалық оқу-жаттығуларға қатысқан әскери қызметкерлерге қосымша ақы қарастырылған. Тиесілі қаражат оқу-жаттығу аяқталып, қызметкер әскери бөліміне оралғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде төленуі тиіс. Ол үшін командир арнайы бұйрық шығарады. Онда оқу-жаттығудың қанша уақытқа созылғаны, қатысқан әскери қызметкерлердің аты-жөні, әскери атағы мен лауазымы көрсетіледі.

Жетім балалар қатарындағы әскери қызметкерлерге не өзгереді?

Өзгерістер мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға қатысты. Оларға әскерден босатылған кезде берілетін жәрдемақыны рәсімдеу үшін жергілікті әкімдіктің растайтын құжаты қажет. Бұл құжатты әскери қызметкердің өзі іздеп жүрмеуі үшін әскери бөлімдегі жауапты қызметкерлер тиісті мекемеге алдын ала жазбаша сұрау жолдауы тиіс.

Бұдан бөлек, шетелдегі әскери оқу орындарында білім алып жүрген қызметкерлерге ақша төлеу тәртібі де нақтыланды. Олардың төлемі халықаралық келісімдер мен жасалған шарттарға қарай есептеледі.
Бұл талаптар Ішкі істер министрлігінің жүйесіндегі әскери қызметкерлерге қатысты және 30 қазаннан бастап қолданылады.

Айта кетейік, бұған дейін Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаз қаза тапқан еді. Қайғылы оқиғадан кейін Қазақстанның қорғаныс саласына бөлінетін қаржының қалай жұмсалып жатқаны және әскердегі қауіпсіздік мәселесі қайта көтерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын тиімді пайдалануды күшейтіп, әскери қызметшілердің өмірі мен қауіпсіздігін басты орынға қоюды тапсырды.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 18:02