Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әскерге бөлінген триллиондар қайда жұмсалуда: Бұл сарбаздардың қауіпсіздігіне қалай әсер етеді?

диплом қорғаған күні әскерге
Фото: freepik.com

Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаздың қаза табуы Қазақстан әскеріндегі қауіпсіздік мәселесін қайта көтерді. Қайғылы оқиға қорғаныс саласына бөлінетін қаржы көлемі өсіп жатқан тұста болды. 2025 жылы армияға 1 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ал 2026 жылы бұл сома одан әрі артқан. Қорғаныс саласына бөлінген қаражат қайда жұмсалуда? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әскерге қанша ақша бөлініп жатыр?

Қазақстанның қорғаныс саласына жұмсайтын қаржысы соңғы жылдары айтарлықтай өсті. 2025 жылы республикалық бюджеттен қорғанысқа 1,15 триллион теңге жұмсалды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 10,7%-ға көп.

Оның ішінде:

  • 933,3 миллиард теңге – Қорғаныс министрлігіне;
  • 216,2 миллиард теңге – Төтенше жағдайлар министрлігіне бағытталған.

Салыстыру үшін, 2015 жылы қорғанысқа нақты жұмсалған қаржы 440,8 миллиард теңге болған. Яғни он жыл ішінде шығын шамамен 2,6 есе өскен.

Ал 2025 жылы Қорғаныс министрлігі мен мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қоса есептегендегі шығын 970,1 миллиард теңгеге жеткен. Оның 928,4 миллиард теңгесі, яғни шамамен 96%-ы жауынгерлік және жұмылдыру дайындығына бағытталған.

Бөлінген қаражаттың ішінде:

  • жауынгерлік дайындықты арттыруға – 353 миллиард теңге;
  • тылдық қамтамасыз етуге – 65,7 миллиард теңге;
  • әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге – 152,4 миллиард теңге;
  • қару-жарақ пен әскери техникаға – 52,4 миллиард теңге жұмсалған.

Яғни мемлекет әскердің жауынгерлік дайындығына, техникасына және әскери қызметкерлерді қамтамасыз етуге қомақты қаржы бөліп отыр. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында қорғанысқа арналған нақтыланған бюджет 1,38 триллион теңге болды. Оның 906,9 миллиард теңгесі осы кезеңде игерілген. Тікелей әскери қажеттіліктерге 1,12 триллион теңге қарастырылып, оның 742,8 миллиард теңгесі жұмсалған. Бұл соманың 737,3 миллиард теңгесі жауынгерлік және жұмылдыру дайындығына бағытталған.

Бюджеттен бөлінген ақша әскерилердің қауіпсіздігіне қаншалықты әсер етеді?

Каспийдегі трагедия “миллиардтар бөлінгенімен, қажетті жабдық неге болмаған?” деген сұрақ туындатады. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметкерлер қажетті жабдықтармен, соның ішінде құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегенін жеткізген болатын.  

Яғни мәселе тек әскерге қанша ақша бөлінгенінде емес. Ең маңыздысы – сол қаражаттың нақты әскери бөлімдерге, техникаға, жабдыққа және қауіпсіздікке қалай жетіп отырғаны.

Қазақстан Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде адам өліміне алғаш рет тап болып отырған жоқ. 2015 жылғы 18 қыркүйекте Ақтау маңында алты БТР-80 және 52 әскери қызметші теңізге шыққан. Қатты жел мен биік толқын салдарынан төрт бронетранспортер суға батып, төрт сарбаз қаза тапты. Ол кезде де қызметке салғырт қарау фактісі бойынша тергеу жүргізілген. Арада 11 жыл өткен соң Каспийде тағы да әскери қызметкерлер қаза тапты. Қазіргі жағдайдың нақты себептері әзірге тергеліп жатыр. Дегенмен екі оқиғаның да оқу-жаттығу кезінде болғаны әскердегі қауіпсіздік талаптары мен тәуекелдерді бағалау мәселесін қайта көтерді.

Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиевтің айтуынша, 2020 жылдан 2023 жылдың сәуіріне дейін 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Олардың өлімінің негізгі себептері ретінде ауру, жол-көлік оқиғалары және суицид аталған. 2018-2022 жылдары әскери қызметкерлер арасында 86 суицид және өзіне қол жұмсауға қатысты 20 әрекет тіркелген.

2026 жылы Бас әскери прокуратура Өскемен гарнизонындағы әскери қызметкер Оспановтың қазасына қатысты тергеуді аяқтады. Тергеу барысында командирлердің қаза болған сарбазға және тағы алты әскери қызметкерге жарғылық емес қарым-қатынас пен психологиялық қысым көрсетуге жол бергені анықталған. Сонымен қатар взвод командирі қарудың сақталуын бақылаудан шет қалған.

Әскери бөлімнің командирі мен екі орынбасары қызметінен босатылып, тағы тоғыз лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл жағдай әскердегі қауіпсіздік тек қару-жарақ пен техникаға емес, әскери бөлімдердегі ішкі тәртіп пен командирлердің жауапкершілігіне де байланысты екенін көрсетті.

Әскери реформа: Басты басымдық әскери қызметкерлердің өмірі мен қауіпсіздігі

Каспийдегі трагедиядан кейін сол кездегі Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов мәлімдеме жасап, министрлік жауапкершіліктен қашпайтынын айтты. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскердегі сарбаздардың қаза болуы мен жарақат алуына жол беруге болмайтынын мәлімдеді. Президенттің сөзінше, "әскердегі қызмет қорқыныш пен үрей туғызбауы керек".

27 қыркүйекте Тоқаев бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруды, кадр саясатын қайта қарауды және әскери реформаның кезеңдік жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар әскери қызметкерлердің өмірі мен қауіпсіздігін басты басымдық ретінде белгіледі. Бұдан кейін Қорғаныс министрлігінің жұмысын кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрылды.

Ал Жоғары аудиторлық палата министрлікте мемлекеттік аудит бастады. Тексеру бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалғанын және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық жағдайын қамтиды.

Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінде басшылық та ауысты 27 қыркүйекте Қорғаныс министрі қызметіне Айдос Мырзахметов тағайындалды. Бұл өзгеріс әскердегі жағдайды тексеру және реформалау туралы тапсырмалармен қатар келді.

 Қазақстан әскері басқа елдермен салыстырғанда қай деңгейде?

Global Firepower рейтингі бойынша Қазақстан 2026 жылы 145 елдің ішінде 58-орында тұр. Ресурс бағалауынша, Қазақстанда 110 мың белсенді әскери қызметкер және 135 мың резервтегі әскери қызметкер бар.

Орталық Азияда Қазақстаннан жоғары тұрған Өзбекстан 53-орында. GFP деректері бойынша Қазақстанның қорғаныс бюджетін әскери қызметкерлер санына шаққанда бір әскери қызметкерге шамамен 53,1 мың доллардан келеді. Алайда бұл ақшаның бәрі бір сарбаздың өзіне жұмсалады деген сөз емес. Әскери бюджетке қару-жарақ, инфрақұрылым, құрылыс, жөндеу, басқару және басқа да шығындар кіреді.

Сонымен қатар GFP-тің Қазақстан бюджетіне қатысты бағалауы ресми мемлекеттік статистикадан өзгеше. Сондықтан бұл көрсеткішті нақты шығын емес, салыстырмалы есеп ретінде қарастырған жөн.

Соңғы он жылда Қазақстанның қорғаныс шығыны 2,6 есеге өсті. 2026 жылы да армияның жауынгерлік дайындығына қомақты қаражат бөлініп отыр. Дегенмен негізгі мәселе әскерге қанша қаржы бөлінгенінде емес, сол қаражаттың әскери қызметшілердің нақты қауіпсіздігіне қаншалықты әсер етіп отырғанында.

Еске салсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажет сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 02 Қазан, 2026 15:31