Қазақстан әскеріндегі шулы істер: Сарбаздар өлімі бойынша кімдер сотталды
Қазақстанда әскери қызмет кезінде сарбаздар мен офицерлердің қаза табуына байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Олар әскери қоймадағы жарылыстар, оқу-жаттығу кезіндегі адам өлімі, әлімжеттік және қарумен жұмыс істеу талаптарының бұзылуына қатысты. Олардың кейбірі бойынша сот айыпталушыларды ақтаса, енді бірінде әскери бөлімдердің командирлері мен сарбаздардың өзі сотталған. Ал кей үкімдер апелляциядан кейін өзгерген. Осы орайда Stan.kz қоғамда үлкен резонанс тудырған және сот үкімімен аяқталған бірқатар әскери істерді жинақтады.
2015 жыл: Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 4 әскери қаза тапты
2015 жылы Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде төрт әскери қызметкер қаза тапты. Осы оқиғаға байланысты алты адам сот алдында жауап берді. Олардың қатарында әскери бөлімдер мен бөлімшелердің командирлері де болды. 2016 жылы қарашада сот үкімі шығып, айыпталушыларға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда кейбіріне шартты жаза берілді.
Сотталғандарға қандай жаза тағайындалды?
Ақтау гарнизонының әскери соты істі қарап, алты адамды да Қазақстан Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі — “ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау” бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкіміне сәйкес:
- Мұрат Нұғманов — “Батыс” өңірлік қолбасшылығының бұрынғы қолбасшысы, полковник;
- Ерболат Төлікбаев — Теңіз жаяу әскерлері бригадасының бұрынғы командирі, подполковник;
- Рашид Жылқайдаров — 25744 әскери бөліміндегі теңіз жаяу әскерлері командирінің орынбасары. Ол 2,5 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қоныс колониясында өтеуге сотталды;
- Абай Баймұратов — осы әскери бөлімнің екінші батальоны бесінші ротасындағы екінші бөлімшенің командирі, кіші сержант. Ол 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Бауыржан Төлегенов — 25744 әскери бөлімінің теңіз жаяу әскерлері взводының командирі, аға лейтенант;
- Ерасыл Көбеген — осы бөлімнің екінші батальоны бесінші ротасындағы үшінші бөлімшенің командирі, кіші сержант.
Бауыржан Төлегенов пен Ерасыл Көбеген алты айға бас бостандығынан айырылды. Алайда Қылмыстық кодекстің 63-бабы қолданылып, оларға шартты жаза тағайындалды.
Әскери оқу-жаттығуы кезінде не болды?
Қайғылы оқиға 2015 жылы Ақтауда өткен “Орталық-2015” оқу-жаттығуының екінші кезеңінде болған.
Теңіз десантын түсіру эпизоды кезінде бортында 52 әскери қызметкері бар алты БТР-80 теңізге шыққан. Оқу-жаттығу "Оймаша" полигонынан шамамен бес шақырым жерде өткен. Теңізде шамамен 150 метр жүргеннен кейін қатты жел соғып, толқын көтерілген. Салдарынан әскери техника суға бата бастаған. Оқиға кезінде төрт әскери қызметкер қаза тапты.
Қаза тапқандардың есімдері сол күні жарияланды. Олар:
- Бауыржан Жолдабай, 19 жаста. Оңтүстік Қазақстан облысының Сауран ауданынан әскерге шақырылған;
- Асылжан Махамбетов, 19 жаста. Атырау облысының Құлсары ауданынан шақырылған;
- Замир Адилов, 23 жаста. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданынан әскерге алынған;
- Бағытжан Қалыбай, 19 жаста. Атырау облысының Мақат кентінен әскерге шақырылған.
Асылжан Махамбетов пен Бағытжан Қалыбайдың әскери қызметін аяқтауына бір ай ғана қалған еді.
Оқиғадан кейін сол кездегі Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов қайғылы жағдайдың себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы топ құрып, оны оқиға орнына шұғыл жіберуді тапсырған.
Қар көшкінінен 7 сарбаз қаза тапты
2017 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көксай шатқалында әскери дайындық кезінде қар көшкіні жүріп, жеті әскери қызметкер қаза тапты. Қайғылы оқиғаға байланысты әскери бөлім командирінің міндетін уақытша атқарған штаб бастығы Бақыт Шойбеков сот алдында жауап берді.
2017 жылғы 14 қыркүйекте Шымкент гарнизонының әскери соты оны қызметке салғырт қарағаны үшін кінәлі деп танып, үш жылға соттады. Алайда Қылмыстық кодекстің 63-бабы қолданылып, оған шартты жаза тағайындалды.
Сот қандай мән-жайды анықтады?
Сотта әскери бөлім командирінің міндетін уақытша атқарған штаб бастығының 16 ақпанда жарияланған дауылды ескертуге қарамастан, таудағы дайындықты тоқтатпағаны анықталған. Ол әскери қызметкерлердің Көксай шатқалына баруына рұқсат берген.
Сот оны Қазақстан Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі — “қызметке салғырт қарау” бабы бойынша кінәлі деп таныды. Оған үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанымен, жаза шартты деп есептелді.

Фото: time.kz
Қайғылы оқиға қалай болды?
Оқиға 2017 жылғы 17 ақпанда болған. Сол күні әскери бөлімнің 21 сарбазы мен екі азаматтық қызметкер КамАЗ көлігімен таудағы дайындық сабағына бара жатқан. Көксай шатқалының шығыс беткейінен қар көшкіні түсіп, 15 әскери қызметкер мен екі азаматтық қызметкер қар астында қалған.
Құтқару жұмыстары шамамен бес сағатқа созылды. Салдарынан жеті әскери қызметкер қаза тауып, тағы сегіз сарбаз бен екі азаматтық қызметкер түрлі жарақат алды.
Парашюті ашылмай, қаза тапқан…
2017 жылы Алматы облысындағы №61993 әскери бөлімде парашюттік жаттығу кезінде келісімшарт бойынша қызмет еткен Ермек Өзбеков қаза тапты. Оның өліміне байланысты әскери қызметкердің командирі, аға лейтенант Біржан Қажиев сот алдында жауап берді.
Сол жылы тамызда сот Қажиевті қызметке салғырт қарағаны үшін кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұған дейін оның лауазымы төмендетілген еді. Сот үкімі шыққаннан кейін Қажиев сот залында қамауға алынып, Алматыдағы тергеу изоляторына жіберілді.
Алайда қорғау тарапы үкіммен келіспеді. Қажиевтің туыстары мен адвокаттары парашютпен секіруді ұйымдастыруға бірнеше әскери қызметкер қатысқанын айтып, істі қайта қарауды талап етті. Бірақ Жоғарғы сот олардың өтінішін қанағаттандырмады.
Ермек Өзбеков қалай қаза тапты?
Қайғылы оқиға 2017 жылы наурызда жоспарлы парашюттік жаттығу кезінде болған. Ермек Өзбековтің парашюті ашылмай, әскери қызметкер қаза тапты. Қызметтік тергеу барысында бірқатар заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, Өзбеков бұған дейін парашютпен секірмеген. Ол алғаш рет қарусыз және басқа типтегі ұшақтан оқу-жаттығу секірісін жасауы тиіс болған. Сонымен қатар парашюттің ұзартқышы тиісті түрде жиналмағаны анықталған.
Аптап ыстыққа қарамай жаттығу жасатқан...
2018 жылы Маңғыстау облысындағы “Үстірт” шекара заставасында 21 жастағы Бақытбек Мырзамбековтің өліміне байланысты бес әскери қызметкер сотталды. 2018 жылы 27 желтоқсанда Ақтау әскери соты оларға қатысты айыптау үкімін шығарды.
Сот шешіміне сәйкес:
- Нұрбол Садабаев, заставаның бұрынғы орынбасары — 5 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Нұрлан Ыдырышев, техникалық пункт бастығы — 5 жылға сотталды;
- Бағлан Мұсабаев, застава бастығы — 4 жылға бас бостандығынан айырылды;
- Жасұлан Әбікенов — 4 жылға сотталды;
- Нұрлан Әлмұхан — 4 жылға сотталды, алайда оған тағайындалған жаза шартты деп белгіленді.
Сотталғандарға марқұмның отбасына өтемақы төлеу міндеттелді.
Бақытбек Мырзамбеков қалай қаза тапты?
Қайғылы оқиға 2018 жылы 15 шілдеде болған.
Сот мәліметінше, 10 шілдеде шекара заставасының әскери қызметкерлері аптап ыстықта бірнеше сағат бойы шамадан тыс дене жаттығуларын орындаған. Жаттығу кезінде Бақытбек Мырзамбеков өзін жайсыз сезінгеніне қарамастан, жаттығуды жалғастыруға мәжбүр болған. Кейін оның жағдайы нашарлап, бес күннен соң қайтыс болған.
Сот-медициналық сараптама оның өлімін дене қызуымен байланыстырған.
Арыстағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс
2019 жылы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында болған жарылысқа байланысты бірқатар әскери қызметкер мен жауапты тұлға сотталды. Шымкент гарнизонының әскери соты алғашқы үкім бойынша 16 адамды кінәлі деп таныды. Олардың бір бөлігі бас бостандығынан айырылса, қалғандарына шартты жаза тағайындалды.
Кейін апелляциялық сот істі қайта қарап, кейбір сотталғандардың жазасын өзгертті. Бірқатар адам ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жауапкершіліктен босатылды. Сонымен қатар кейбір сотталушылар қамаудан шығарылды.
Апелляциялық сот қандай шешім шығарды?
Апелляциялық сот кейбір сотталғандардың әрекетін қайта саралап, оларға тағайындалған жазаға өзгеріс енгізді.
Берілген мәлімет бойынша, Көпжан Нұрмаханбетов жеті жылға, Мәлік Абрахимов, Руслан Көшенов және Жомарт Жүнісбеков алты жылға сотталған. Ал Сурен Дукоянға мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға жеті жылға тыйым салынған.
Сонымен қатар Қанат Ақтанов, Ерлан Омаров, Асат Бралин, Ас-Салладин Саржанов, Бауыржан Ниязов, Марат Сәрсенов және Көпжан Нұрмахамбетовке қатысты ескіру мерзіміне байланысты шешім қабылданғаны көрсетілген. Қуаныш Оспанов, Руслан Омаров, Юрий Каракальчев, Мейрамбек Жүсіпов және Адамат Аяпбергенов қамаудан босатылған.
Арыста не болған еді?
2019 жылы 24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жарылыстар болды. Қала тұрғындары жаппай эвакуацияланды. Қайғылы оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, жүздеген үй мен нысан бүлінді.
Оқиғаға байланысты әскери бөлімнің лауазымды тұлғалары мен басқа да жауапты адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында қызметке салғырт қарау және оқ-дәрілермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу сияқты айыптар тағылды.
Жамбыл облысында оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс
2021 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында болған жарылысқа байланысты төрт әскери қызметкер сотталды. 2024 жылы 13 наурызда апелляциялық сот қатардағы сарбаздар Әсет Әшірбай мен Ерболат Тұрановтың жазасын тоғыз жылдан 13 жылға ұзартты. Ал алғашқы сотта ақталған офицерлер Аслан Бақытжанов пен Руслан Несіпқалиев бес жылға сотталды.
Кімдер және қандай жаза алды?
Әсет Әшірбай мен Ерболат Тұранов – әскери бөлімнің екі сарбазы. 2023 жылы 20 қазанда Шымкент гарнизонының әскери соты оларды бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру бабы бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысын 9 жылға соттаған. Апелляциялық сот бұл жазаны 13 жылға дейін ұзартты.
Аслан Бақытжанов – оқиға кезінде №28349 әскери бөлімінің бастығы міндетін уақытша атқарған. Руслан Несіпқалиев – оның орынбасары. Алғашқы сот оларды кейбір айыптар бойынша ақтағанымен, апелляциялық сот қызметке салғырт қарау бабы бойынша әрқайсысын 5 жылға соттады. Екеуі де сот залында қамауға алынды.
Ерлан Бошай мен Берік Омарбеков — іс бойынша айыпталған өзге екі офицер. Алғашқы сот оларды қызметке салғырт қарау бойынша ақтаған.
Жарылыс салдарынан келген материалдық залал бойынша сот жауапкерлерден мемлекет пайдасына 23,76 миллиард теңге өндіру туралы шешім шығарды. Өндірілетін соманың нақты мөлшері 23 764 530 881 теңге деп көрсетілген.
Байзақта не болған еді?
2021 жылы 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында өрт шығып, арты бірнеше жарылысқа ұласқан. Жарылыстардың дауысы жақын маңдағы елді мекендерден де естіліп, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.
Қайғылы оқиға салдарынан 18 адам қаза тауып, ондаған адам жараланды. Қаза болғандардың арасында әскери қызметкерлер мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары болды.
Оқиғаға байланысты алты адамға — екі сарбаз бен төрт офицерге айып тағылды. Сот процесі шамамен екі жылға созылып, іс 800-ден астам томды қамтыды.
Әскерге барғанына 4 күн болмай қайтыс болды...
2022 жылы Маңғыстаудан әскерге шақырылған 18 жастағы Әлібек Қалбайдың өліміне байланысты әскери қызметкер Айболат Аманжолов 9 жылға бас бостандығынан айырылды. 2023 жылы 10 сәуірде Алматы гарнизонының әскери соты оны әскери қызметкерлер арасындағы жарғылық қағидаларды бұзғаны үшін кінәлі деп таныды. Сонымен қатар сот Аманжоловты жәбірленуші тарапқа 6 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.
Аманжоловтың қорғау тарапы үкімге апелляциялық шағым түсірді. Алайда 2023 жылы маусымда апелляциялық сот бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Тергеу нұсқасы қандай болды?
Тергеу материалдарына сәйкес, Әлібек әскери қызметтестерімен жанжал кезінде соққы алған. Айыптау нұсқасы бойынша, Айболат Аманжолов оқиғаға дейін бір күн бұрын оның кеудесі мен ішіне бірнеше рет жұдырықпен соққы жасаған. Аманжолов тағылған айыпты мойындамаған.
Іс бойынша жалғыз әскери қызметкер – Айболат Аманжолов сотқа тартылды. Бұл марқұмның туыстарының сынына ұшырады. Олар әскери бөлімдегі басқа да лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қаралуы керек деп есептеді.
Сот Аманжоловты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 440-бабының 4-бөлігі ( Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу) бойынша кінәлі деп таныды.
Әлібек Қалбай қалай қаза тапты?
18 жастағы Әлібек Қалбай 2022 жылы сәуірде Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Отар елді мекенінде орналасқан №30212 әскери бөлімге жеткізілген. Әскерге келгеніне төрт күн өткен соң, 22 сәуірде таңертеңгі сап кезінде ол есінен танып құлаған.
Сарбазға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, госпитальге жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Қорғаныс министрлігі алғашқы түсініктемесінде Әлібектің сапқа тұрған кезде өзін жайсыз сезінгенін хабарлаған. Алайда марқұмның туыстары оның денесінен жарақат белгілерін байқағанын айтып, өлімінің мән-жайына күмән келтірді. Осыдан кейін іс бойынша тергеу басталды.
Сот не деді?
2023 жылы 10 сәуірде Алматы гарнизонының әскери соты Айболат Аманжоловты Қылмыстық кодекстің 440-бабы 4-бөлігі (Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу) бойынша кінәлі деп таныды. Сот оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оған қоса жәбірленуші тарапқа 6 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді. Аманжоловтың қорғау тарапы үкімге апелляциялық шағым түсірді. 2023 жылғы маусымда апелляциялық сот бірінші инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Әскердегі тағы бір қаза
2022 жылы Жамбыл облысындағы “Шөлдала” шекара заставасында 18 жастағы Бекбол Мираштың өліміне байланысты сержант Айбек Нұртаев 7 жылға сотталды.
2023 жылы 24 тамызда Шымкент гарнизонының әскери соты Нұртаевты өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу бабы бойынша ақтап, билікті асыра пайдалану және күш қолданып бопсалау баптары бойынша кінәлі деп таныған. Оған 3 жыл 6 ай жаза тағайындалған.
Алайда апелляциялық сот бірінші инстанцияның үкімін жойып, Айбек Нұртаевты Қылмыстық кодекстің 451-бабының 2-бөлігі және 194-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Нәтижесінде оның жазасы жеті жылға дейін ұзартылды.
Тергеу барысында не анықталды?
Іс бойынша әскери бөлімдегі сержант Айбек Нұртаевтың Бекболға қысым көрсеткені қаралды. Сонымен қатар сарбазға жыныстық зорлық жасалғаны және бұл әрекеттің телефонға түсірілгені туралы нұсқалар тексерілді. Алайда әскери прокуратура жыныстық зорлық фактісі расталмағанын мәлімдеді. Апелляциялық сот та бұл айыптарды дәлелсіз деп таныды.
Оқиға қалай болды?
2022 жылы 19 тамызда Жамбыл облысындағы “Шөлдала” шекара заставасында 18 жастағы қатардағы жауынгер Бекбол Мираштың денесі асылған күйде табылды.
Алғашында әскери бөлім өкілдері сарбаздың өзіне қол жұмсағанын хабарлаған. Туыстарына оның қызымен жанжалдасқаны айтылған. Алайда отбасы бұл нұсқамен келіспей, Бекболдың әскердегі қысым салдарынан қаза болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Осыдан кейін оқиғаға байланысты тергеу басталды.
Екі жарым жыл өмірі үшін күрескен Ербаян
Ербаян Мұхтардың әскери бөлімде ауыр жарақат алуына байланысты қылмыстық іс бойынша күдіктілер әлі анықталған жоқ. 2025 жылы ақпанда Бас әскери прокуратура тергеу жалғасатынын, сараптамалар тағайындалып, бірнеше адамның тексеріліп жатқанын хабарлаған.
Биыл маусымда Қорғаныс министрлігі істі Ұлттық ұланға қатысты әскери тергеу органдары тексеріп жатқанын мәлімдеді. Ербаянның жарақат алуына байланысты іс Қылмыстық кодекстің 440-бабы (Әскери қызметкерлер арасындағы жарғылық қағидаларды бұзу) бойынша тергеліп жатыр. Оған қоса, ауруханада оған медициналық көмек көрсетілуіне қатысты дәрігерлердің әрекеті де бөлек тергеуге алынғаны хабарланды.
Ербаянның ата-анасы оқиғаның мән-жайын толық әрі объективті анықтауды талап етіп келеді. 
Оқиға қалай болды?
Ербаян Мұхтар 2023 жылдың көктемінде Ұлттық ұланның Алматыдағы №5571 бөліміне мерзімді әскери қызметке шақырылған. Сол жылдың 4 желтоқсанында әскери бөлімнің дәретханасында басынан ауыр жарақат алған.
Әскери бөлім өкілдері сарбаздың дәретханада құлап, басын кафельге соғып алғанын хабарлаған. Алайда ата-анасы бұл түсініктемеге күмән келтіріп, ұлының жарақат алуына не себеп болғанын анықтауды талап етті.
2026 жылы 23 маусымда Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігі оның өліміне ауыр бас-ми жарақатының салдары мен кейін қосылған асқынулар себеп болғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, өлім алдында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыған.
Қазаны “бүйрек ауруымен” байланыстырған
2024 жылы 29 қазанда Алматы гарнизонының әскери соты сарбаз Досымжан Сәлімжанның өліміне қатысты іс бойынша лейтенант Жанбота Шәкіровті кінәлі деп таныды. Ол билікті асыра пайдаланғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылып, әскери лейтенант атағынан айырылды. Сонымен қатар сот арқұмның отбасына 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеу туралы шешім шығарды.
Сотта Шәкіровтің Досымжанды бірнеше рет ұрғаны туралы айыптау нұсқасы қаралды. Алайда лейтенант өз кінәсін мойындамай, сарбаздың өліміне қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Қорғау тарапы куәлардың сөзіне күмән келтіріп, айыптың дәлелденбегенін айтты.
Досымжан Сәлімжан 2023 жылдың қазанында Атырау облысы Құлсары қаласынан әскерге шақырылған. Ол Жетісу облысындағы Сарыөзек гарнизонының №29108 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген.
2024 жылы 3 мамырда сарбаз бүйрегі ауырғанын айтып, әскери госпитальге түсті. Он күннен кейін, 13 мамырда, ол ауруханада қайтыс болды. Алғашқы клиникалық диагнозда өлім бүйрек ауруымен байланыстырылған. Алайда сот-медициналық сараптама оның қолқа аневризмасының жарылуынан көз жұмғанын көрсетті.
“Оймаша” полигонындағы қаза
2025 жылы 24 қаңтарда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты Марат Барқұловтың өліміне қатысты іс бойынша Дамир Досовты кінәлі деп таныды. Сот оны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен (қасақана адам өлтіру) 13 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар Досов лейтенант әскери атағынан айырылып, марқұмның анасына 20 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Досов үкімге апелляциялық шағым түсіргенімен, сот шешімі өзгеріссіз қалды. 2026 жылы 27 қаңтарда қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот та төменгі соттардың шешімін күшінде қалдырды. Осылайша лейтенантқа тағайындалған 13 жылдық жаза сақталды.
Сотта қорғау тарапы оқиғаны қарумен абайсыз жұмыс істеу салдарынан болған жағдай ретінде бағалауды сұрады. Алайда сот бұл уәжді қабылдамады. Іс материалдарына сәйкес, лагерь бойынша кезекші болған Дамир Досов сарбаздар отырған шатырға кіріп, табельдік қаруын оларға бағыттаған. Куәгерлердің айтуынша, кейін Марат Барқұловтың бетіне оқ тиген. Қорғау тарапы оқ кездейсоқ атылғанын алға тартты.
Оқиға 2024 жылы 7 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы “Оймаша” полигонында әскери жиын кезінде болған. 19 жастағы мерзімді әскери қызметкер Марат Барқұлов оқ тиіп жараланған соң ауруханаға жеткізілді. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Капитанның өлімі бойынша төрт адам сотталды
2025 жылы 24 шілдеде капитан Дархан Дәулеттің өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Майор Дархан Қазтай 15 жылға сотталып, әскери майор шенінен айырылды. Бақберген Рустамұлы мен Аят Шәкір 12 жылға, ал Нұрман Әбсадық 10 жылға сотталды.
Сот марқұмның анасының азаматтық талабын да ішінара қанағаттандырды. Қазтайдан 6 миллион теңге, Рустамұлы мен Шәкірден 5 миллион теңгеден, Әбсадықтан 4 миллион теңге өндірілетін болды. Төрт сотталушы да үкімге апелляциялық шағым түсірді. Алайда апелляциялық сот бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Тергеу мен сот барысында майор Дархан Қазтайдың үш мерзімді сарбазға аумақты тексеру туралы тапсырма бергені айтылды. Іс материалдарында сарбаздардың капитанды ұстап, байлап, аузына жұмсақ зат тығып, әскери қалашық аумағына алып кеткені көрсетілген. Сот-медициналық сараптама капитанның механикалық тұншығудан қайтыс болғанын анықтады.
Сотта айыпталушылар кінәсін мойындамады. Сарбаздар майордың бұйрығын орындағандарын айтса, Қазтай мұндай бұйрық бермегенін мәлімдеді. 
Дархан Дәулет 2024 жылы қыркүйекте Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Отарда бес жыл қызмет еткен соң Жаркент гарнизонына инженерлік бөлім бастығы болып ауысқан. 26 жастағы капитан 2024 жылы 13 қарашадан 14 қарашаға қараған түні тәуліктік кезекшілік кезінде қаза тапты.
“Үстірт” шекара бөлімшесінде тағы да сарбаз қазасы
2026 жылы 3 сәуірде Ақтөбе облыстық әскери соты Еркебұлан Сағындықтың өліміне қатысты іс бойынша шекара бөлімшесінің бастығы Қ. Асуды кінәлі деп таныды. Ол Қылмыстық кодекстің қызметке салғырт қарау туралы бабы бойынша екі жылға сотталды. Сонымен қатар сот марқұмның анасына 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеу туралы шешім шығарды.
Еркебұлан Сағындық 2025 жылдың қазанында Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы “Үстірт” шекара бөлімшесінде қаза тапты. 20 жастағы мерзімді әскери қызметкердің өліміне қатысты алғашқы ресми мәліметте оның техникалық жұмыс кезінде жанармай иісінен уланып қайтыс болғаны айтылды. Ресми нұсқа бойынша, оқиғаға қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болған. Алайда марқұмның туыстары бұл түсініктемеге күмән келтірген.
Сарбаз менингиттен қайтыс болып, дәрігер сотталды
Семей гарнизонының әскери соты сарбаздың өліміне қатысты іс бойынша әскери госпиталь дәрігерін кінәлі деп таныды. Госпитальдің емхана бөлімшесін басқарған 38 жастағы дәрігер Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігімен, яғни медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы бойынша 2 жылға сотталды. Сонымен қатар ол екі жыл бойы медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Алайда сот залында оған рақымшылық қолданылып, негізгі жазадан босатылды.
Сот жәбірленуші тараптың талап арызын ішінара қанағаттандырды. Марқұмның отбасына 12 миллион теңгеден астам өтемақы мен шығын өндірілді.
Іс материалдарына сәйкес, дәрігер сарбаздың ауру белгілерін дер кезінде анықтай алмаған. Бастапқы диагноз дұрыс қойылмай, науқас бейінді стационарға уақытында жіберілмеген. Сот-медициналық сараптама сарбаздың іріңді менингиттен қайтыс болғанын көрсетті. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, ауру дер кезінде анықталып, тиісті ем басталғанда, оның аман қалу мүмкіндігі болған.
Сарбаз 2025 жылдың сәуірінде Солтүстік Қазақстаннан әскерге шақырылып, Абай облысындағы Аягөз әскери госпиталіне түскен. 16 мамырда дене қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлаған. Госпитальде бастапқы диагноз қойылып, ем тағайындалғанымен, келесі күні оның денсаулығы күрт нашарлаған. Қан қысымы төмендеп, құсу және басқа да белгілер пайда болған. Кейін сарбаз аудандық ауруханаға ауыстырылып, жансақтау бөлімінде қайтыс болған.
“Арқанкерген” қырғыны және Челахтың сотталуы
2012 жылы 11 желтоқсанда Талдықорғандағы сот Владислав Челахты 15 адамның өліміне кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге тиіс болды.
Челахтың адвокаттары үкімге шағым түсірді. Алайда 2013 жылы ақпанда апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Кейін кассациялық шағым да қанағаттандырылмады. 2014 жылы Жоғарғы соттың қадағалау алқасы да өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы шешімді күшінде қалдырды.
Бұл іс бойынша “Сарыбөктер” шекара заставасының бастығы Алексей Фомин де сотталды. Сот оның “Арқанкерген” бекетімен байланыс болмағанын жоғары басшылыққа уақытында хабарламағанын және қажет шараларды қабылдамағанын анықтады. Оған қызметтік әрекетсіздік пен басқа да құқықбұзушылықтарға қатысты айыптар тағылды. 2012 жылы 11 желтоқсанда Фомин үш жылға сотталды. 2013 жылы шілдеде оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қанағаттандырылып, ол сот залынан босатылды.
Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыс 2012 жылы 28 мамырда болған. Бекетте тірі қалған жалғыз әскери қызметкер — 19 жастағы Владислав Челах. Ол 5 маусымда ұсталды. Бас әскери прокуратура сол кездегі мәліметінде Челахтың жауаптары оқиға орнында жүргізілген тергеу әрекеттері мен сараптамалардың нәтижелеріне сәйкес келгенін мәлімдеді. Тергеу кезінде ол кінәсін мойындайтын жауаптар берген.
Алайда сотта Челах бұл жауаптарынан бас тартып, тергеу кезінде өзіне қысым жасалғанын айтты. Ол 15 адамды өлтіргенін мойындамады. Адвокаттары да тергеудің заңдылығына қатысты сұрақтар көтерді. Соған қарамастан, сот Челахты бірнеше бап бойынша кінәлі деп таныды. Айыптардың арасында екі немесе одан да көп адамды өлтіру, әскери қызметтен қашу, әскери мүлікті бүлдіру және қару ұрлау болды.
Оқиға 2012 жылдың мамыр айының соңында Қазақстан мен Қытай шекарасындағы “Арқанкерген” уақытша шекара бекетінде болған. Бекет Алматы облысы Алакөл ауданындағы “Сарыбөктер” шекара заставасына қараған.
Екі тәулік бойы бекетпен байланыс болмаған соң, 30 мамырда застава бастығы Алексей Фомин тексеру тобын жіберді. Шекарашылар бекеттің толық өртеніп кеткенін көрді. Өрт орнынан 14 шекарашы мен жақын маңдағы аңшылық шаруашылығында жұмыс істеген қорықшының мәйіті табылды. Барлығы 15 адам қаза тапты.
Ел қабырғасын қайыстырған 14 сарбаздың қазасы
2026 жылы 25 қыркүйекте Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаздың қаза болуына байланысты 5 лауазымды әскери қызметкер ұсталды. Олардың қатарында:
- Әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы;
- екі әскери бөлімнің командирі;
- теңіз жаяу әскері ротасының командирі;
- "Қайсар" әскери катерінің командирі бар.
Бесеуі де Ақтаудағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл іс Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі — ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бап — кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша тергеліп жатыр. Тергеу әскери тапсырманы ұйымдастыру мен орындау кезінде қабылданған шешімдерді, қауіпсіздік талаптарының сақталуын, ауа райының ескерілуін, катердің техникалық жағдайын және жауапты тұлғалардың әрекетін тексеруге бағытталған. Іске қатысы бар басқа адамдардың да анықталуы мүмкін екені хабарланды.
Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен кетті
Каспийдегі апаттан үш күн өткен соң, 27 қыркүйекте Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатты. Сосын оның орнына Айдос Мырзахметов келді. Ол бұған дейін Қазақстан Қарулы күштерінің Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы қызметін атқарған. Кәсіби әскери қызметте 20 жылдан астам уақыт болған.
27 қыркүйекте Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізіп, жаңа министрді ұжымға таныстырды. Президент ең алдымен әскери басқару жүйесін жетілдіруді және армияны кешенді жаңғыртуды тапсырды.
Қаза тапқан 14 әскери қызметкер
Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметкерлердің тізімін жариялады. Олардың жасы негізінен 19–23 аралығында болған:
- аға лейтенант Олжас Мұхтарұлы;
- матрос Сержан Талғатұлы Аяпберген;
- матрос Өмірбек Өмірболатұлы Өмірзақ;
- матрос Алмас Жүсіпұлы Көбенов;
- матрос Ақылбек Қабденұлы Төлеген;
- матрос Жеңіс Тілеуұлы Темірғалиев;
- матрос Мейрамбек Ермұханұлы Бердіханов;
- матрос Әсет Саматұлы Жаңабай;
- матрос Азамат Болатұлы Мәдіхан;
- матрос Дастан Нұрболұлы Бегей;
- матрос Ақжайық Болатұлы Гилаж;
- матрос Олжас Тәжібайұлы Диханбаев;
- сержант Мансұр Гумаров;
- матрос Мирас Тұрдыбекұлы.
Қайғылы жағдай биыл 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында “Хазар қорғаны – 2026” әскери оқу-жаттығуы кезінде болды. Ақтаудан шамамен 43 шақырым жерде әскери қызметкерлерді “Қайсар” катерінен жағалауға түсіру кезінде ауа райы күрт бұзылып, теңіз толқыны күшейген. Салдарынан 17 әскери қызметкерді теңіз ағысы алып кеткен. Үшеуі аман қалып, 14-і қаза тапты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазақстан әскеріндегі шулы істер: Сарбаздар өлімі бойынша кімдер сотталды