Қазақстандық банктерге несие төлемегендердің шотындағы соңғы ақшасын шешіп алуына тыйым салынды
Қазақстанда енді мерзімі өткен несие берешегін өндіріп алу кезінде банктер борышкерлердің шотында кемінде екі күнкөріс минимумына тең қаражатты (101 702 теңге) қалдыруға міндетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өзгерістер 2026 жылдың 21 қазанынан бастап күшіне енді.
Заңға сәйкес, банк төлем талабын қою арқылы мерзімі өткен несие берешегін өндіріп алған кезде қарыз алушының шотында кемінде екі күнкөріс минимумына тең қаражат қалуы тиіс. 2026 жылы Қазақстандағы күнкөріс минимумы – 50 851 теңге. Яғни, өндіріп алудан қорғалатын ең төменгі сома – 101 702 теңгені құрайды.
Сонымен қатар банк шоттағы қаражаттың 50%-ынан астамын есептен шығара алмайды. Бұл шектеу заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерден түсетін кейінгі төлемдерге де қатысты: әрбір түсімнің жартысынан көбі өндіріп алуға жатпайды.
Ұлттық банк қағидалары бойынша қорғалатын ең төменгі қалдық айына бір рет қамтамасыз етіледі. Егер азамат бұл ақшаны пайдаланбаса, қалдық келесі айға ауысады.
Аталған талап жеке тұлғаларға және жеке кәсіпкерлік нысанында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолданылады. Қорғалатын сома бір банктегі барлық ағымдағы шоттардағы қаражатты ескере отырып есептеледі. Ал жинақ шоттарындағы ақша бұл қорғау тетігіне кірмейді.
Борышкердің шотында ақша қалдыруға қатысты шектеулер барлық жағдайда бірдей қолданылмайды. Негізгі айырмашылық — берешекті кімнің және қандай тәртіппен өндіріп жатқаны.
Егер банк мерзімі өткен несиені төлем талабы арқылы өндірсе, шотта кемінде 101 702 теңге қалуы керек. Ал қарызды сот орындаушысы инкассалық өкім арқылы өндіргенде, бұл талап автоматты түрде қолданылмайды.
Заң бойынша жалақыдан немесе өзге де кірістен қарыз ұсталса, борышкерге табысының кемінде жартысы қалуы тиіс. Бұған қоса, қалған сома бір күнкөріс минимумынан төмен болмауы керек.
Алайда бұл кепілдік азаматтың табысынан ұстап қалуға қатысты. Банктік шотта бұрыннан жатқан ақшаға дәл осы тәртіп тікелей қолданылмайды.
Сондықтан сот орындаушысы инкассалық өкім жіберген жағдайда, банк борышкердің кәдімгі шотында күнкөріс минимумына тең соманы міндетті түрде сақтауға тиісті емес. Нәтижесінде шоттағы қаражаттың қорғалатын бөлігі қалдырылмай, ақша есептен шығарылуы мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін 2027 жылдан бастап банктер қазақстандықтардың шоттары мен депозиттері туралы деректерді Үкіметке беретіні туралы жазған едік.
"Қазақстан аруы" Алина Ри "Ғалам аруында" киетін 30 келілік костюмін көрсетті
