Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда несие тарихы қанша жыл сақталады және оны кімдер көре алады

Теңге
Фото: iStock/Yevgeniy Sambulov

Қазақстанда әрбір қарыз алушының несие тарихы бар. Оның негізінде оның негізінде дербес кредиттік рейтинг қалыптасады. Жаңа несие беру туралы шешім қабылдаған кезде банктер мен қаржы ұйымдары осы деректерге сүйенеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие тарихы қанша уақыт және қайда сақталатынына қатысты сауалдарға жауап берді. 

Агенттік несие тарихы және дербес кредиттік рейтинг туралы мәліметтер кредиттік бюроларда жинақталатынын атап өтті. 

“Қазақстанда екі кредиттік бюро – "Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ (МКБ) және "Бірінші кредиттік бюро" ЖШС (БКБ) жұмыс істейді. Оларда азаматтардың несиелері, берешектері, мерзімі өткен төлемдері және өзге де қаржылық міндеттемелері туралы ақпарат қамтылады”, – делінген хабарламада. 

Несие тарихы құпия ақпарат болып есептеледі. Несие тарихы бойынша есепті азаматтың өзі, сондай-ақ заң бойынша мұндай ақпаратты алуға рұқсаты бар ұйымдар азаматтың өзінің келісімімен ала алады.

 

Несие тарихы қанша уақыт сақталады?

Заңға сәйкес, несие тарихы кредиттік бюрода 5 жыл бойы сақталады.

Агенттік мәліметінше, бұл бес жылдық мерзім несие алынған күннен бастап емес, кредиттік бюро қарыз алушы туралы соңғы ақпаратты алған күннен бастап есептеледі.

“Мысалы, егер сіз несиені толық өтеп, банк кредиттік бюроға оның толық өтелгені туралы ақпаратты берсе, несие тарихын сақтау мерзімі кредиттік бюро осы ақпаратты алған күннен бастап есептеледі”, – делінген хабарламада. 

Егер әлі төлемі аяқталмаған несие немесе мерзімі өткен берешек болса, қаржы ұйымы төлемдер немесе қарыздар туралы жаңартылған деректерді жіберіп отырған кезеңде бес жылдық мерзім басталмайды.

Осылайша, бұрынғы несиелер туралы мәліметтер: тұрақты түрде жасалған төлемдер де, төлеу мерзімінен кешіктірулер де соңғы ақпарат енгізілгеннен кейін бес жыл бойы несиелік есепте сақталады.

Айта кетейік, қарыз алушы өз несие тарихын жылына бір рет тегін тексере алады. Бір жыл ішінде екінші рет тексеру – ақылы.

Агенттік мәліметінше, несие тарихы бойынша есепті мынадай тәсілдермен алуға болады:

  • “Бірінші кредиттік бюроның” сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы;
  • eGov.kz порталы арқылы;
  • ХҚКО, "Қазпошта" бөлімшелерінде және “Бірінші кредиттік бюро” кеңсесінде;
  • “Мемлекеттік кредиттік бюро” арқылы.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар енді кейбір несиелерден 14 күннің ішінде айыппұлсыз бас тарта алатыны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 01 Қыркүйек, 2026 22:55