Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың несие тарихын кейбір кешіктірілген төлемдерден тазартпақ

несие ипотека
Фото: magnific.com

Қазақстанда ломбардтардан алынған кейбір микрокредиттер бойынша кешігу туралы ақпаратты кредиттік есептен алып тастау ұсынылды. Қарызын кешіктіргені үшін несие тарихы нашарлап кеткен азаматтарға жеңілдік қарастырылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) автокөлік және басқа да жылжымалы мүлікті кепілге қойып алынған ломбард несиелері бойынша кешігу туралы мәліметтер кредиттік есептен алып тастауды ұсынды.

Атап айтқанда, несие есебінде бұдан былай: қарыздың қанша күнге кешіккені; кешіктірілген төлем сомасы; есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдар; соңғы төлем жасалған күн көрсетілмейді.

Сонымен қатар, кредиттік бюролар мұндай несиенің мәртебесін қарыз алушы берешегін толық өтеп, келісімшарт жабылғанға дейін "қолданыстағы" деп көрсетуге міндетті болады.

"Жеке пайдалануға арналған жылжымалы мүлікті кепілге қойып, ломбард берген микрокредит бойынша кредиттік есеп ұсынылған кезде, кредиттік бюро қарыз алушының міндеттемесі және микрокредит беру туралы шарт тоқтатылғанға дейін несие мәртебесін "қолданыстағы" ретінде көрсетуі тиіс", – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, кредиттік есептерде азаматтың несие алудан ерікті түрде бас тарту туралы өтініш бергені немесе оны алып тастағаны туралы ақпарат нақты уақыт режимінде көрсетіле бастайды.

ҚНРДА қаулысының жобасы алғаш ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 04 Тамыз, 2026 12:11