Қазақстандықтарға бірнеше несиесін бір төлеммен өтеуге мүмкіндік берілмек

Қазақстанда бірнеше несиесі бар азаматтардың қарызын реттеу жеңілдейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерді, микроқаржы ұйымдарын және сақтандыру компанияларын біріктіретін бірыңғай қарызды реттеу орталығын іске қоспақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Азаматтардың нақты өмірлік жағдайы ескеріледі”
Әлеуметтік жобалар және қаржы сауатын арттыру департаментінің директоры Александр Терентьев 27 шілдеде агенттік қаржы омбудсменінің жұмысына қатысты жаңа ережелерді бекіткенін айтты.
Жаңа қағидалар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және қарыз алушылардың өтініштерін қарау тәртібін өзгертеді.
“Қаржы омбудсменінің қызметі банк, микроқаржы және сақтандыру секторларының тәжірибесін біріктіреді. Бұл қаржы нарығына қатысушылардың сараптамалық әлеуетін күшейтіп, азаматтарды толғандыратын мәселелерді талқылап, шешуге арналған тиімді диалог алаңын қалыптастыруға мүмкіндік береді”, – деді Александр Терентьев.
Оның айтуынша, қаржы омбудсмені жанынан қоғамдық ұйымдардың қатысуымен арнайы алаң құрылады. Онда проблемалық қарыздарды шешудің ортақ жолдары қарастырылады. Агенттік бұл тәсіл қарыз алушының қаржы жағдайын ғана емес, өмірлік ахуалын да ескеруге мүмкіндік береді деп есептейді.
Бірыңғай цифрлық платформа іске қосылды
1 шілдеден бастап Қазақстанда finkelisim.kz бірыңғай цифрлық қарызды реттеу платформасы жұмыс істей бастады. Ол қарыз алушыларға "бір терезе" қағидаты бойынша бірнеше кредиторымен бір мезгілде келісім жасауға мүмкіндік береді.
Александр Терентьевтің айтуынша, платформаға тіркеліп, биометриялық сәйкестендіруден өткен соң жүйе несие бюролары арқылы азаматтың мәліметтерін автоматты түрде тексереді. Егер қарыз алушы бағдарлама талаптарына сай келсе, кредиторлар қарыз сомасын растап, қол қою үшін құжаттарды, оның ішінде бірыңғай өтеу кестесін жолдайды.
Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Бағдарламаға мына талаптарға сай қарыз алушылар қатыса алады:
- кепілсіз тұтынушылық несиесі бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі барлар;
- екі немесе одан да көп кредиторы барлар;
- жалпы қарызы 150-ден 1 600 АЕК-ке дейін (2026 жылы шамамен 648 мыңнан 6,9 миллион теңгеге дейін) болатындар;
- қарыз бойынша сот шешімі, нотариустың атқарушылық жазбасы немесе атқарушылық іс жүргізуі жоқ азаматтар.
“Құжаттарға қол қоюға 72 сағат беріледі. Қол қойылған соң кредиторлар берешекті өндіріп алу шараларын тоқтатады. Ал қарыз алушы бірыңғай төлем кестесі бойынша қарызын өтей бастайды. Платформа төленген қаражатты кредиторлар арасында қарыз көлеміне қарай автоматты түрде бөледі”, – деді Терентьев.
Егер қарыз алушы келісім шарттарын бұзып, 40 күннен астам мерзімге төлемді кешіктірсе, кредиторлар қарызды өндіріп алу рәсімін қайта бастайды. Мұндай жағдайда бағдарламаға қайта қатысу мүмкін болмайды.
Агенттік өкілінің айтуынша, платформаның басты артықшылығы – әрбір несиені жеке емес, азаматтың жалпы борыштық жүктемесін бағалайды. Алғашқы кезеңде бұл жүйе шамамен 350 мың проблемалық қарыз алушыны қамтуы мүмкін.
Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға және атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жеңілдетілген шарттар қарастырылған.
Алдағы уақытта платформаға сот шешімі шыққан қарыздар да қосылады. Кейін жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттық рәсімдерімен біріктіру жоспарланып отыр.
Алматыда пилоттық жоба басталды
Агенттік Алматы қаласында I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтардың қарыздарын кешенді реттеу бойынша пилоттық жобаны іске қосты.
Ведомство мәліметінше:
- 105 мыңнан астам мүгедектігі бар адамның несиесі бар;
- олардың 26,3 мыңының жалпы көлемі 48 миллиард теңге болатын мерзімі өткен берешегі бар;
- Алматы қаласында ғана 10 мыңға жуық мүгедектігі бар азаматтың 8,6 миллиард теңге қарызы бар.
Осыған байланысты агенттік Алматы әкімдігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Әділет министрлігімен бірлесіп пилоттық жобаны іске қосты.
“Мамандар шешім қабылдағанда азаматтың табысын, мүлкін, отбасы құрамын және алатын әлеуметтік төлемдерін ескереді. Жағдайына қарай қарыз жүктемесі азайтылып, төлемді кейінге қалдыру немесе айына 5–10 мың теңге көлемінде өтеуге болатын қолжетімді төлем кестесі ұсынылады. Егер төлем қабілетін қалпына келтіру мүмкін болмаса, азаматқа банкроттық рәсімдері түсіндіріледі”, – деді Александр Терентьев.
Егер пилоттық жоба тиімділігін дәлелдесе, агенттік оны Қазақстанның басқа өңірлеріне де енгізуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы 25 триллион теңгеден асқаны туралы жазған едік.
"Бір бие, бір жабағыдан бастадық": 40 жылдан бері жылқы баптап жүрген отбасы қымызмұрындықтың мәнін түсіндірді
Оқыңыз