Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзгенің несиесі сізге өтіп кетуі мүмкін: Қазақстандықтарға маңызды ескерту жасалды

несие
Фото: magnific.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға қоса қарыз алушы ретінде несие рәсімдемес бұрын барлық тәуекелді мұқият бағалауға кеңес берді. Өйткені қоса қарыз алушы несие шартына қол қойған сәттен бастап негізгі қарыз алушымен бірдей жауапкершілік арқалайды. Демек негізгі қарыз алушы несиені төлей алмаса немесе төлеуден бас тартса, қарызды өтеу міндеті оған да жүктеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қоса қарыз алушы деген кім?

Қоса қарыз алушы – негізгі қарыз алушымен бірге банкпен несие шартына қол қоятын және сол несие бойынша барлық міндеттемені орындауға тең дәрежеде жауап беретін адам.  Егер негізгі қарыз алушы несиесін төлеуді тоқтатса, банк берешекті толық немесе ішінара қоса қарыз алушыдан өндіріп алуға құқылы.

Қоса қарыз алушы қандай жағдайда қажет болады?

Тәжірибеде қоса қарыз алушы көбіне ипотекалық несие рәсімдеу кезінде тартылады. Бұл негізгі қарыз алушының табысы банктің талаптарына сәйкес келмеген жағдайда қажет болады.

Мұндай кезде банк негізгі қарыз алушы мен қоса қарыз алушының жиынтық табысын есепке алып, несиені мақұлдау мүмкіндігін арттырады.

Ол қандай жауапкершілік арқалайды?

Қоса қарыз алушы негізгі қарыз алушымен бірдей міндеттемелерді өз мойнына алады. Егер несие бойынша мерзімі өткен берешек пайда болса, банк заңнамада көзделген шараларды оған да қолдана алады. Атап айтқанда:

  • банк шоттарындағы қаражатты өндіріп алу;
  • мүлкіне өндіріп алу шараларын қолдану;
  • сотқа жүгіну.

Қоса қарыз алушы мен кепілгердің айырмашылығы қандай?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қоса қарыз алушының мәртебесі кепілгердікінен өзгеше екенін айтты. Қоса қарыз алушының табысы несие сомасын есептеу кезінде ескеріледі және ол шарттағы барлық міндеттемелер үшін толық жауап береді.

Ал кепілгердің жауапкершілігі кепілдік шартында көрсетілген талаптармен ғана шектеледі.

Қоса қарыз алушы болмас бұрын нені ескеру қажет?

Агенттік азаматтарға қоса қарыз алушы болуға келіспес бұрын:

  • несие шартының барлық талабын мұқият оқып шығуды;
  • негізгі қарыз алушы төлем жасай алмай қалған жағдайда өз қаржылық мүмкіндігін алдын ала бағалауды;
  • қоса қарыз алушылардың санына қарамастан, несие толық өтелгенге дейін міндеттемелер сақталатынын ескеруді ұсынады.

Агенттік мәліметінше, қоса қарыз алушы болу туралы шешім барлық тәуекелді толық түсініп барып қабылдануы тиіс. Себебі ықтимал салдарды дұрыс бағаламау азаматқа айтарлықтай қаржылық ауыртпалық түсіруі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы 25 триллион теңгеден асқаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 23 Шілде, 2026 15:54
Талқылау