Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Перизат Қайраттың туыстарының Дубайдағы мүлкі: Қаржылық мониторинг агенттігі қауесетке жауап берді

 
Перизат Қайрат Дубай пәтерлер
Фото: Перизат Қайрат Instagram парақшасынан

Перизат Қайраттың туыстары Дубайдан құны 2,67 миллиард теңгеге бағаланатын пәтерлер сатып алған деген ақпарат тарады. Алайда Қаржылық мониторинг агенттігі бұл мүліктер қайырымдылыққа жиналған ақшаға алынған болуы мүмкін деген болжамды тексеріп, оның расталмағанын мәлімдеді. Ведомствоның сөзінше, пәтерлер Перизат Қайраттың қылмыстық әрекеті басталғанға дейін сатып алынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Дубайдағы 2,67 миллиард теңге пәтерлер: Перизаттың аға жеңгесінің мүлкі туралы не белгілі

Тараған ақпаратта Перизат Қайраттың нағашы ағасының отбасына Дубайдан қымбат жылжымайтын мүліктер тиесілі екені айтылған. Олардың жалпы құны 5,9 миллион доллар яғни шамамен 2,67 миллиард теңге деп бағаланған. Кейбір пәтерлер туристік сайттарда қысқа мерзімге жалға берілетін баспана ретінде де ұсынылған.

“Дубайдағы жылжымайтын мүлік тізіліміндегі мәліметтерге сәйкес, Перизат Қайраттың туыстары бұл пәтерлерді 2020–2022 жылдары сатып алған. Бұл оның қоғамға кеңінен таныла бастаған кезеңімен тұспа-тұс келеді. Пәтерлер Қазақстан азаматы Гүлбана Алашбаеваның атына рәсімделген. Ол — Сабит Алашбаевтың жұбайы. Ал Сабит Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваның туған інісі”, – делінген тараған хабарламада. 

Гүлбана Алашбаева мен оның жұбайы Қазақстанда ірі кәсіпкер ретінде танылмаған. Олардың атына Астана мен Ақтөбеде екі жеке кәсіпкерлік тіркелген. Ал өздері риелтор болып жұмыс істейді. Дегенмен Перизат Қайратты тергеу барысында тәркіленген мүліктер тізімінен Дубайдағы жылжымайтын мүлік табылмаған.

 Тараған ақпаратта Гүлбана Алашбаеваның атына Дубайдағы элиталық тұрғын үй кешендерінен барлығы жеті нысан тіркелгені көрсетілген:

  • Forte Tower II — Burj Khalifa маңында орналасқан, екі жатын бөлмесі бар, ауданы 116,31 шаршы метр пәтер. Құны — 878,6 мың доллар (шамамен 399 миллион теңге).
  • Vida Dubai Mall Tower II — ауданы 74,8 шаршы метр, бір жатын бөлмесі және автотұрағы бар пәтер. Бағасы — 750 мың доллар (шамамен 340,5 миллион теңге).
  • Vida Dubai Mall Tower II-дегі екінші пәтер — екі жатын бөлмесі бар, ауданы 105,63 шаршы метр. Құны — 1,12 миллион доллар (шамамен 508,5 миллион теңге).
  • Bellevue Towers — ауданы 119,59 шаршы метр, үш бөлмелі пәтер. Бағасы — 735 мың доллар (шамамен 333,7 миллион теңге).
  • Azure Residence — бесінші және жетінші қабаттарда орналасқан, әрқайсысының ауданы 106 шаршы метр болатын екі пәтер. Екеуінің жалпы құны — 1,65 миллион доллар (шамамен 749,1 миллион теңге).
  • Harbour Views — Дубай каналына қарайтын, екі жатын бөлмесі және автотұрағы бар, ауданы 106,16 шаршы метр пәтер. Бағасы — 780 мың доллар (шамамен 354,1 миллион теңге).

Осы пәтерлердің жалпы құны шамамен 5,9 миллион доллар немесе 2,68 миллиард теңге болады.

Бұдан бөлек, Гүлбана Алашбаева 2020 жылы 380 мың долларға сатып алған тағы бір пәтерін кейін сатқан, ал оған дейін баспананы қысқа мерзімге жалға берген.

 Дубайдағы мүліктер Перизат Қайраттың істерімен байланысты ма?

Қаржы мониторингі агенттігі желіде тараған ақпараттан соң тексерісті бастаған. 

“Анонимді Telegram арналарының бірінде сотталған Перизат Қайраттың туыстарына Дубайда бірнеше пәтер тиесілі екені туралы ақпарат жарияланды. Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі аталған адамдардың жылжымайтын мүлікті П. Қайраттың қылмыстық жолмен тапқан ақшасына сатып алуы мүмкін деген болжамды тексерген. Алайда бұл болжам расталмады”, – деді ведомство. 

Агенттік бұған дейін тергеу кезінде барлық қаржылық операциялар жан-жақты талданып, жымқырылған ақшаны заңдастырудың бүкіл тізбегі анықталғанын алға тартты. Ал туыстарымен қаржылық байланысы болмаған.

“П. Қайрат А. отбасы мүшелерімен қандай да бір қаржылық есеп айырысу жүргізгені анықталған жоқ. Оның үстіне, жарияланымдарда аталған жылжымайтын мүлік 2011–2019 жылдары, яғни "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоры құрылғанға және П. Қайрат қылмыстық әрекетке кіріскенге дейін сатып алынған. Жалпы, А. ерлі-зайыптылары 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлік сатып алып, қайта сатумен айналысып келеді. Олар П. Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін де дербес жүргізген”, – деп түсіндірді ведомство. 

Еске салсақ, "Biz Birgemiz Qazaqstan" қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайрат 2024 жылдың қарашасында 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікпен қамауға алынған еді. Бұл қаражат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жиналған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол ақшаның бір бөлігін элиталық жылжымайтын мүлік, автокөлік сатып алуға және туристік сапарларға жұмсаған.

Сонымен қатар тергеу деректеріне сәйкес, Перизат Қайрат қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін достары мен туыстарын тартып, олардың "қызметі" үшін сыйақы төлеп отырған.

Перизат Қайрат өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол тағылған айыптарды "прокурорлардың қиялы" деп атап, қордың құрылтайшыларын жауап алуға шақыруды талап еткен.

Сот үкімімен Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталды.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 12 Қазан, 2026 17:55