"Шаңырағыңыз биік болсын!": Бельгия Королі Тоқаевқа қазақ тілінде тілек айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы Бельгиялықтар Королі мен Патшайымының Қазақстанға жасаған тарихи мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынастың жаңа парағын ашатынын және қос халық арасындағы достықты нығайта түсетінін атап өтті.
Тоқаев емен-жарқын достық рәуіште әрі сындарлы сипатта өткен нәтижелі келіссөздердің қорытындысына тоқталды.
“Біз Қазақстан мен Бельгия арасындағы көпжақты серіктестікті күшейтуге бейіл екенімізді растадық. Елдеріміз арасында қандай да бір саяси қайшылық немесе шешілмеген мәселе жоқ. Бұл барлық бағытта ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз қалайды. Экономикалық ықпалдастық серіктестігіміздің негізгі тірегі болып қала береді. Бельгия Қазақстанның жетекші инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді. Сіздің елдің 2005 жылдан бері экономикамызға құйған инвестиция көлемі 15 миллиард доллардан асты. Көлік-логистика, аса маңызды минералдар, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, биотехнология, цифрландыру және ғарыш технологиялары салаларында ықпалдастықты жандандырып, жаңа мүмкіндіктерді қолға алуға уағдаластық. Тарихи сапарға бельгиялық жетекші компания өкілдері қатысуда. Бұл Бельгияның еліміздің экономикалық әлеуетіне зор сенім артатынын көрсетеді”, – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев БАҚ өкілдеріне мәдени-гуманитарлық салада қол жеткізілген уағдаластықтар жөнінде әңгімеледі.
"Елдеріміздің университеттері, музейлері мен мәдени мекемелері арасында тікелей байланыс орнатуға, сонымен қатар бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға және академиялық тәжірибе алмасуға ниетті екенімізді растадық. Джеймс Энсордың танымал туындыларын Қазақстанның Ұлттық музейінде таныстырған бельгиялық серіктестерімізге алғысым шексіз. Сондай-ақ Almaty Museum of Arts пен KANAL-Centre Pompidou арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуді қолдаймын. Ол Бельгияның шығармашылық әлеуетін және мәдени саланы дамытуға ұмтылысын көрсетеді. Аталған бастамалар Бельгияның бай көркем мұрасымен танысуға, халықтарымыздың бір-бірімен жақын араласуына жол ашады. Қызметтік паспорт иелерін виза талаптарынан босату жөніндегі келісімге өзгерістер енгізудің арқасында барыс-келісімізді біршама жеңілдетуге қол жеткіздік. Бүгін қабылданған Бірлескен мәлімдеме ортақ міндеттерге сай келеді", – деді мемлекет басшысы.
Президент тараптардың халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын айтты.
Король Филипп ілтипатпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, соңғы отыз жылда елдеріміз берік әрі мызғымас байланыс орнатқанын атап өтті.
Король Филипптің айтуынша, Бельгия Қазақстан экономикасына қаржы құйған ірі инвесторлардың бірі саналады. Қазақстан нарығында бірқатар бельгиялық компания жұмыс істейді. Ол алдағы Қазақстан – Бельгия іскерлік кеңесі отырысына көп үміт артатынын жеткізді.
Король Филипп Қазақстанның бай тарихымен және мәдениетімен жақын танысуға ниетті екенін де жеткізді.

Бельгиялықтар Королі сөз соңында көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағы да алғыс айтты.
"Шаңырағыңыз биік болсын!". Мен бұл сөзді дұрыс айттым деп ойлаймын. Қазақстанға мемлекеттік сапарымыздың мәнін аталған тілек толығымен ашады. Отбасы бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығын, ырыс пен несібені, бейбіт өмір мен жылы ұяны осы бірауыз сөзге сыйдыруға болады”, – деді Король Филипп.
Еске салсақ бұған дейін Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Король Филипп пен Патшайым Матильданы елорда әуежайынан қарсы алған болатын.