"Еліңізбен жақынырақ танысамыз": Тоқаев Бельгия королін әуежайдан күтіп алды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Король Филипп пен Патшайым Матильданы елорда әуежайынан қарсы алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан Республикасы Әскери әуе күштерінің ұшақтары мемлекет шекарасынан Астанаға дейін Король мен Патшайым мінген бортқа қапталдаса ұшты. Мәртебелі меймандарды салтанатты түрде қарсы алу үшін ұшу алаңында Құрмет қарауылы ротасы мен президенттік оркестр сап түзеді.
Тоқаев әуежай залында қонақтармен аз-кем әңгімелесті.
Мемлекет басшысы Король мен Патшайымның елімізге сапары Қазақстан-Бельгия қарым-қатынасын одан әрі нығайту тұрғысынан тарихи мәнге ие екеніне назар аударды.

“Қазақстанға қош келдіңіздер. Сапарларыңыз мемлекетіміздің дамуындағы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жалпы, еліміз өркендеп, экономикасы ілгерілеп келеді. Сіздердің сапарларыңыз екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін береді деп айтуға болады”, – деді президент.
Король Филипп қонақжайлық көрсеткені үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ертеңгі жоғары деңгейде өтетін келіссөздер табысты болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ екі елдің сан қырлы серіктестігін тереңдетудің маңызын атап өтті.
“Ұшақ трапынан қазақ жеріне қадам басқан сәттен бастап көрсетілген сый-құрмет үшін Сізге алғыс айтамын. Үш күндік сапармен келгенімізге қуаныштымыз әрі еліңізбен жақынырақ танысамыз деп сенемін”, – деді Король Филипп.
Осылайша, Королі Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары басталды.
Бұған дейін Қазақстанға 11-14 қазан күндері Тоқаевтың шақыруымен Бельгияның Королі Филипп және Патшайым Матильда келетіні туралы жазған едік. Ақорданың мәліметінше, жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында Қазақстан мен Бельгия арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты нығайту перспективасы талқыланады.
"Адам қанын ішіп, етін жеген": Атышулы каннибал Жұмағалиевтің қылмыстары неге жылдар бойы ашылмай келді
