Димаш Құдайбергеннің әкесі мектептегі “Қазақ тілі” пәнінің атауын өзгертуді ұсынды
Әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев мектептердегі "Қазақ тілі" пәнін "Мемлекеттік тіл сабағы" деп атауды ұсынды. Ол мұндай өзгеріс өскелең ұрпақтың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыруға ықпал етеді деп есептейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қанат Айтбаев мектеп бағдарламасындағы қазақ тілі пәнінің атауын өзгерту қажет екенін айтты. Оның сөзінше, оқушылар мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын мектеп қабырғасынан бастап түсінуі керек.
"Еліміздегі мектептердің оқу кестесінде қазақ тілі сабағын жай ғана “Қазақ тілі” демей, “Мемлекеттік тіл сабағы” деп атаған жөн. Бұлай атау мектеп қабырғасынан бастап қазақ тілінің мемлекеттік тіл екендігін, оның аса маңыздылығын күнделікті өскелең ұрпақтың санасына сіңіреді", – деді ол.
Сондай-ақ ол қазақ тілі сабағына немқұрайды қарау, сабаққа дұрыс қатыспау немесе төмен баға алу мәселесіне назар аударды. Айтбаев мұны мемлекеттік тілге деген құрметпен байланыстырады.
"Кітаптың мұқабасында “Қазақ тілі” деп жазылған мемлекеттік тіл сабағына немқұрайды қараудың немесе жөнді қатыспай, нашар баға алудың қандай болатынын ойлап көріңіз? Бұл – мемлекетке, мемлекеттік тілге құрметсіздік және сауатсыздық болады емес пе? Қай бала ондай қатарда жүргісі келеді?" – деді Қанат Айтбаев.
Бұдан бөлек, ол жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде мемлекеттік тілден тапсырылатын емтихан нәтижесіне басымдық беруді ұсынды.
"Мемлекеттік тіл сабағынан тапсырылатын емтиханда қойылатын баға оқушының жоғары оқуға түсуі үшін қажетті ең маңызды көрсеткіштердің бірі болуға тиіс", – деп атап өтті ол.
Қанат Айтбаев мемлекеттік тілге құрметті балабақшадан бастап қалыптастыру қажет деп санайды. Ол бұл бастаманы балалардың Мемлекеттік әнұранды ерте жастан жаттап өсуімен салыстырды.
"Осы бағытпен жүрсек, әнұранды балабақша кезінен жаттап өскендей, балалар мемлекеттік тілге де үлкен құрметпен қарауды үйренеді", – деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін актер Алмат Сақатов бала күтіміне берілетін жәрдемақы мөлшеріне қатысты ойын айтып, әлеуметтік қолдау тетіктеріне көңілі толмайтынын жеткізгені хабарланған еді. Актердің сөзінше, отбасының табысына қарай жәрдемақыны азайту әділетсіз.
"Адам қанын ішіп, етін жеген": Атышулы каннибал Жұмағалиевтің қылмыстары неге жылдар бойы ашылмай келді
