"Миға сыймайтын нәрсе": Актер Алмат Сақатов жәрдемақы мәселесіне қатысты пікір білдірді
Танымал актер Алмат Сақатов бала күтіміне берілетін жәрдемақы мөлшеріне қатысты ойын айтып, әлеуметтік қолдау тетіктеріне көңілі толмайтынын жеткізді. Актердің сөзінше, отбасының табысына қарай жәрдемақыны азайту әділетсіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алмат Сақатов әлеуметтік желідегі парақшасында қазір бала күтіміне байланысты төлемдерге қатысты жаңа тәртіп қарастырылып жатқанын айтып, табысы жоғары отбасыға жәрдемақыны аз беру бастамасына қарсы екенін білдірді.
“Мен маман емеспін, әрине. Бірақ қазір бір заң қарастырылып жатыр екен. Яғни жағдайы бар әйел бала туса, оған жәрдемақы аз беріледі, ал жағдайы төмен әйелге көбірек төленеді дейді. Айналайындар, күндіз-түні жұмыс істеп, жағдайын жасаған әйелдің қандай кінәсі бар? Немесе күйеуі жұмыс істесе, оның не кінәсі бар? Жағдайы бар әйел де, жағдайы жоқ әйел де тоғыз ай көтеріп, толғақпен қиналып барып бала туады. Әр баланың өз несібесі бар”, – деді актер.
Актер бала дүниеге әкеліп отырған әйелдердің барлығы елдегі демографиялық өсімге үлес қосып отырғанын атап өтті.
“Олар Қазақстан халқының санын көбейтіп жатыр. Бір жағынан “халық санын көбейтіңдер” дейсіңдер, екінші жағынан істеп отырған тірліктерің мынау. Бұл – миға сыймайтын нәрсе”, – деді ол.
Өнер иесінің ойы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Желі қолданушыларының бір бөлігі оның сөзін қолдап, балаға берілетін төлем отбасының табысына қарамастан бірдей болуы керек деген пікір білдірді.
Еске салайық, бұған дейін актер Алмат Сақатов жас кезінде гастрольдерде қыздармен көп жүріп, әйелін көп ренжіткенін мойындағаны хабарланған еді.
Қазақстандық қыз Happy Cake-ке жұмысқа орналасып, 11 сағат істеген алайда оған жұмыс ақысын төлеуден бас тартқан