Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Гастрольдерде қыздармен көп жүрдік": Актер Алмат Сақатов жас кезінде әйелін көп ренжіткенін мойындады

Алмат Сақатов
Фото: "Әңгіме бар" подкасты / Видеодан скриншот

Актер Алмат Сақатов “Әңгіме бар” подкастына берген сұхбатында жастық шағындағы тентектігі, ата-анасының қолдауы және отбасылық өмірде жіберген қателіктері туралы ашық айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесінің сөзінше, 1995 жылы жасаған әрекеті үшін сот алдында жауап беруге тура келген. Сол сәтте анасының айтқан бір ауыз сөзі актердің жадында әлі күнге дейін сақталған.

“Тентектік жасап, сотты болдым. Тергеушінің кабинетінде қолыма кісен салынып отырдым. Анам келіп, менімен он секундтай ғана сөйлесті. Кетіп бара жатып “Балам, қорықпа. Үйді сатсақ та, сені шығарып аламыз. Сенікі дұрыс” деді. Иә, тентектік жасадым. Бірақ оны біреу үшін жасадым. Кейін 1,5 жылға шартты жаза алдым”, – деді актер.

Алмат Сақатов сол күндері ата-анасының уайымын алғаш рет анық сезінгенін айтады. Анасы баласының алдында сыр бермесе, әкесі тергеу ғимаратының сыртында мазасызданып күтіп отырған.

“Анамның көзінен бір тамшы жас шыққан жоқ. Қайраттанып кірді де, сол қалпында шығып кетті. Терезеден қарасам, әкем темекі шегіп тұр. Алдында темекі тұқылдары үйіліп қалыпты. Уайымнан ғой”, – деп еске алды ол.

Актер өміріндегі көптеген жетістіктің артында анасының еңбегі тұрғанын да айтты. Оның сөзінше, әкесінің Мәскеуге барып білім алуына да, өзінің қалыптасуына да анасының ықпалы зор болған.

“Менің адам болып жүргенім де, әйелімнің жақсы келін болып отырғаны да – анамның арқасы. Ол бізді артық сөзбен тәрбиелеген жоқ. Кейде бір көзқарасымен-ақ орнымызға қоятын. Бүгінде де үйіміздің берекесі анамның алақанында тұрғандай. Ол кісі өмірден өтсе, үйдің ауасы да өзгеріп кететіндей көрінеді”, – деді актер.

Сұхбат барысында Алмат Сақатов жұбайына қатысты да бұрын көп қателік жібергенін жасырмады. Өнер жолында гастрольдік сапарлар мен танымалдыққа елітіп, отбасына жеткілікті көңіл бөлмеген кездері болғанын мойындады.

“Келіншегімді өте көп ренжіттім. Тентек болдым, қыздармен көп жүрдік, гастрольден гастрольге шықтық. Ол кезде халық жақсы көретін, алдыңғы қатардағы шоулардың бірі болдық. Өзімізді бір сері сезініп жүрдік. Үйде бала-шағаңды бағып отырған жарың барын айлап ұмытып кететін кездер болды”, – деді Сақатов.

Актер отбасылық жанжал кезінде жұбайына қол көтерген кездері болғанын да мойындап, бүгінде бұл әрекетіне өкінетінін жеткізді.

“Қарсы сөйлеген кезде, өз қателігімді біле тұра мойындағым келмей, бір-екі рет сілтеген кезім болды. Өкінемін”, – деді ол.

Алмат Сақатов өзінің жақсы жар бола алмаған кезеңдері болғанын да ашық айтты. Оның сөзінше, бұрын жұбайынан гүл немесе сыйлық беріп кешірім сұрауды әдетке айналдырмаған.

“Мен есі дұрыс күйеу болған жоқпын. Гүл, сыйлық алып, әйелімнің алдына барып кешірім сұрап көрмеппін. Табиғатымда болмады. Жұмысыммен, әрекетіммен жағдайды түзетуге тырысатынмын. Сыйлық арқылы кешірімін алу уақытша ғана нәрсе. Әйелдің жүрегіне жылдар бойы қадаған шегені бір күнде суырып тастай алмайсың”, – деді актер.

Еске салайық, бұған дейін Алмат Сақатов “Нұр-Мұқасан” тобының жаңа әншісін соққыға жыққан әріптесі Мұқасан Шахзадаевтың қылығына қатысты пікір білдіргені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 10:14