"Жеке өмірім – контент емес": Абай Асылхан Жанель Мақажанмен ажырасуына қатысты сынға жауап берді
Шоумен Абай Асылхан актриса Жанель Мақажанмен ажырасуына байланысты желіде айтылып жүрген әңгімелерге жауап берді. Ол отбасындағы жағдайды білмей тұрып, болжамды шындыққа балауға болмайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Абай Асылхан Instagram парақшасында өзі туралы теріс пікірлерге қалыпты қарайтынын, бірақ жеке өмірі туралы негізсіз әңгімелердің тарауына қарсы екенін жеткізді.
Оның айтуынша, кейінгі уақытта кейбір парақшалар мен блогерлер, өзін сарапшы ретінде таныстыратын адамдар отбасындағы жағдайға қатысты өз ойларын жариялап жүр. Шоумен сол жазбалардың бірқатарында мәселе біржақты айтылып, дерек пен болжам араласып кеткенін атап өтті.
“Мен мұндай тәсілді дұрыс деп санамаймын. Жеке өмірім – біреудің қаралым жинауына немесе аудиториясын көбейтуіне арналған контент емес. Адамның қоғамдық қызметі мен жеке өміріне қатысты мәселелерді талқылаудың да өз жауапкершілігі бар”, – деп жазды ол.
Шоумен желіде ешкіммен сөз таластырып, әр пікірге жауап беруге ниетті емес. Отбасылық өмірінің бүге-шігесін жұртқа жайып салуды да жөн көрмейді. Алайда өзі туралы айтылған сөздің нақты дерекке сүйенгенін қалайды.
“Пікір айту мен сын білдіру – бір бөлек, ал болжамды шындық ретінде көрсету – басқа мәселе”, – деді Абай Асылхан.

Ол құқығына нұқсан келтіретін жазбалар болса, мәселені заң аясында шешетінін жеткізді.
“Мен сыннан қашпаймын. Бірақ жеке өміріме қатысты негізсіз тұжырымдардың факт ретінде ұсынылуын да қалыпты жағдай деп қабылдамаймын”, – деп жазды шоумен.
Сонымен қатар Абай Асылхан Жанель Мақажанмен ерлі-зайыптылық қарым-қатынасы аяқталғанын хабарлап, жазба жариялаған. Ол екеуінің бес жыл бірге тұрғанын, осы уақыт ішінде қуанышты да, қиын да күндерді бастан өткергенін айтты.
“Мен үшін бұл шешім өте қиын болды. Бұл екеуміздің бірдей шешіміміз болды, сырттан ешкім араласпады”, – деп түсіндірді ол.
Абай Асылхан бұрынғы жарына амандық пен жақсылық тілейтінін де жеткізді.
“Ол – балаларымыздың анасы, сондықтан өзара құрметті сақтауды маңызды деп санаймын”, – деді шоумен.
Оның айтуынша, некеге қатысты заңдық мәселелер әлі шешіліп жатыр. Ол бұл істің сабырмен, бір-біріне деген құрметпен аяқталғанын қалайды. Балаларына әке ретінде қамқор болуды әрі қарай да жалғастыратынын айтты.
Еске салайық, бұған дейін Жанель Мақажан күйеуімен екіге кеткенін тұспалдап айтқан еді. Кейін ол некесінің бұзылуына қатысты пікір білдіріп, бұрынғы жұбайының туыстарымен арадағы келіспеушіліктер кезінде әйелі мен балаларына араша түспегенін айтқан. Сондай-ақ актриса отбасын сақтап қалуға тырысқанын, алайда бұл әрекеті нәтиже бермегенін жеткізген.
Кейінірек Жанель Мақажан қыздарының әкесі үш айдан астам уақыттан бері балаларына моральдық та, материалдық та қолдау көрсетпей келетінін мәлімдеген еді.