Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстаудан шетелге 45 млрд теңгенің мұнай өнімдері заңсыз шығарылып келген

Мұнай
Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысынан шетелге мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаған ұйымдасқан топтың әрекетін әшкереледі. Тергеу мәліметінше, бірнеше жыл бойы мұнай өнімдері құжат жүзінде басқа отын түрі ретінде көрсетіліп, елден шығарылып отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ҰҚК мәліметінше, заңсыз тасымалды Маңғыстау облысындағы кәсіпкер ұйымдастырған. Ол жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен шикі мұнай сатып алу жөнінде келісімшарттар жасасқан. Кейін сатып алынған мұнай "Standart Petroleum" және "Mangystau Oil Refining" шағын зауыттарында өңделген. Дайын өнімді шетелге шығару үшін оның құжаттары өзгертілген. Мұнай өнімдерінің сапасы туралы жалған құжаттар жасалып, жүк пеш отыны ретінде рәсімделген. Осылайша, өнім Ақтау теңіз портына жеткізіліп, танкерлермен шетелге тасымалданған.

Бұл схема бірнеше жыл бойы жұмыс істеген. Тергеу дерегіне сүйенсек, 2019–2023 жылдары тек "Batys Nefte Trade" компаниясы арқылы 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз экспортталған. Бұл операциялардың жалпы құны шамамен 45 миллиард теңгеге жеткен. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық істі тергеу барысында заңсыз тасымалға қатысы бар адамдардың мүлкіне қатысты шаралар қабылданғанын мәлімдеді.

"Биыл жүргізілген процестік іс-шаралар аясында қылмыстық іс фигуранттарының активтері, сондай-ақ шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлік тәркіленді. Заңсыз алынған кірістер мен төленбеген салықтар есебінен мемлекетке 2 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды. Қылмыстық схеманы ұйымдастырған адам халықаралық іздеуге жарияланды", – делінген ҰҚК хабарламасында.

Бұл іске қатысы бар бес адам бұған дейін сотталған. Ақтау қалалық соты олардың қатарындағы шағын мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай саудасымен айналысқан компания басшыларын кінәлі деп таныған.

 Сот үкімімен бес адам Қылмыстық кодекстің 234-бабының 3-бөлігі және 262-бабының 2-бөлігі бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Аталған баптар экономикалық контрабандаға және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысуға қатысты. Ал заңсыз тасымалды ұйымдастырды деп күдікке ілінген кәсіпкер әлі іздестіріліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Ақтауда Terminalex пен SK PETROLEUM компаниялары арасында 6 мың тоннаға жуық шикі мұнайға қатысты дау туған еді. Даудың басы бірнеше жыл бұрын өңделіп, сатылып кеткен мұнайды қайтару талабынан басталған. Сот шешімімен мұнайды бастапқы иесіне қайтару міндеттелгенімен, оның әлдеқашан өңделіп кеткені белгілі болды. Кейін бұл мәселе қылмыстық іске ұласты.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 16:21