Балиде қазақстандық қыз таксиге отырамын деп 380 мың теңгесінен айырылған
Қазақстандық қыз Бали аралында такси ақысын төлеу кезінде алаяққа тап болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жүргізуші жолақы ретінде 150 мың индонезиялық рупий алуы керек болған. Десе де төлем кезінде қыздың картасынан 15 миллион рупий шығарып алған. Бұл шамамен 380 мың теңге. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Динара Алшын мән-жайды Instagram парақшасында айтып берді. Ол Балиға бар-жоғы бес күнге барған екен.
“Өмірімде алғаш рет алаяқтардың арбауына түстім. Оның үстіне, бұл Балида болды. Таксистер менен 150 мың индонезиялық рупий алуы керек еді. Бірақ төлем жасайтын кезде сома 15 миллион рупийге өзгеріп кеткен. Жай ғана екі нөл қосып, ақшаны алып қойған”, – деп жазды әйел.
Оның айтуынша, артық алынған ақша шамамен 380 мың теңгеге тең. Турист мұндай сомадан айырылу демалыс кезіндегі жоспарына да әсер еткенін айтты.
Ақша алып жатқан кезде қыздың интернеті дұрыс істемеген. Сол себепті банк операциясы туралы хабарламаны да бірден көрмеген. Ол төлем кезінде жолақының сомасын көріп, бәрі дұрыс деп ойлаған. Ал банк хабарламасын мейрамханаға жеткенде ғана көрген.
Қыздың айтуынша, такси жүргізушісінің жеке басын анықтауға көмектесетін мәліметтері де болмаған. Ол жүргізушінің қайда екенін, кім екенін білмейді. Сол себепті ақшаны қайтару оңай болмай тұр екен.
Неге полицияға жүгінбеген?
Оқиға демалысының үшінші күні болған. Егер ол полицияға барып, тергеу жұмыстарына уақыт жұмсаса, сапарының қалған бөлігі соған кетуі мүмкін еді. Оның үстіне, жүргізушіні анықтауға қажет ақпарат болмаған.
“Жүргізуші туралы ешқандай мәлімет болмады. Полицияға барып, іздестіру жұмыстарына кіріссем, демалысымның қалған уақыты соған кетер еді”, – деп жазды ол.
Турист бұл оқиғаны жариялау арқылы өзгелерді сақтандырғысы келетінін айтты.
Оқиғадан кейін Динара Қазақстандағы Индонезия елшілігімен байланысқан. Оның айтуынша, дипломаттар көмектесуге уәде беріп, жүргізушіні анықтау үшін банк операциялары туралы үзінді көшірме сұратқан.
Алайда ақшаны қайтару мәселесін шешу үшін қанша уақыт кететіні туралы ақпарат бермеген.
Осындай жағдайға тап болсаңыз, не істеу керек?
Егер картаңыздан келісілген сомадан артық ақша алынғанын байқасаңыз, мәселені шешуді кейінге қалдырмаған жөн.
- Банкке дереу хабарласыңыз. Картаңыздан артық алынған ақшаны қайтаруға көмектесуін сұраңыз. Ақшаны қайтаруға кепілдік жоқ, бірақ банкке неғұрлым ерте хабарласқан дұрыс.
- Төлем дәлелдерін сақтаңыз. Банк хабарламаларын, операция туралы үзінді көшірмені, түбіртекті, такси туралы мәліметтер мен хат-хабарларды өшірмеңіз.
- Полицияға арыз беріңіз. Оқиға шетелде болса да, жергілікті полицияға хабарлап, арыздың тіркелгенін растайтын құжатты сұраңыз.
- Елшілікке хабарласыңыз. Дипломатиялық өкілдік жергілікті органдармен байланысу тәртібін түсіндіруге көмектесе алады.
Шетелде такси ақысын төлегенде нені ескеру керек?
Саяхат кезінде лицензиясы бар таксиді немесе сенімді көлік шақыру қосымшаларын пайдаланған жөн. Аустралия үкіметінің Индонезияға сапарлайтын азаматтарға арналған ұсынымында да көшеден тоқтатылған таксиге қатысты сақ болу, көлік пен жүргізуші деректерін тексеру және жолақының дұрыс есептелгеніне көз жеткізу керегі ескертілген.
Төлем жасамас бұрын экрандағы соманы мұқият тексеріңіз. Карта арқылы төлегенде соманың дұрыс енгізілгеніне көз жеткізіп, банк операциялары туралы хабарламаларды қосып қойған дұрыс. Сонымен қатар картаға лимит орнатып, қажет болмаса шетелдегі интернет-төлемдерді шектеуге болады.
Айта кетейік, бұған дейін Атырауда “Абырой Авто” автосалонының екі басшысы алаяқтық жасағаны үшін алты жарым жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы жазған едік. Оған қоса сотталғандар жәбірленушілерге 1 миллиард 147,8 миллион теңге көлеміндегі шығынды өтеуге міндеттелген.
"Алты рет тапсырдым": Алматылық студент IELTS-тан ең жоғары 9.0 баллды қалай алғанын айтып берді
