1,1 миллиард теңгеден астам шығын келтірген: Атырауда атышулы "Абырой Авто" автосалонының басшылары сотталды
Атырауда "Абырой Авто" автосалонының екі басшысы алаяқтық жасағаны үшін алты жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сотталғандар жәбірленушілерге 1 миллиард 147,8 миллион теңге көлеміндегі шығынды өтеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Атырау қаласының №2 соты айыпталушыларды қылмыстық кодексінің "Алаяқтық" бабы бойынша кінәлі деп таныды.
Бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек, сотталғандарға алты жыл бойы коммерциялық ұйымдар құруға және басқаруға, сондай-ақ материалдық жауапкершілігі бар лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
Судья Эльмира Ойқұлованың айтуынша, сотталғандар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Уақытша ұстау изоляторында өткізген әрбір күні сотталғандардың жаза мерзіміне бір жарым күн болып есептеледі. Сот процесі сегіз айға созылды. Сот отырыстарында 103 жәбірленуші мен 100-ден астам куәгердің айғақтары тыңдалды.
Мемлекеттік айыптаушы Абылайхан Әбужановтың айтуынша, автосалон өкілдері азаматтардың сеніміне кіріп, оларға көліктерін сатуды ұсынған. Жәбірленушілерге көлік автосалонның атына рәсімделгеннен кейін оның ақшасы 10 жұмыс күні ішінде төленетіні айтылған.
Алайда іс материалдарына сәйкес, көліктер автосалон қызметкерлерінің немесе үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, кейін қайта сатылған. Соның салдарынан жәбірленушілер көліктері үшін ақшасын да, көліктерінің өзін де ала алмаған.
Сот материалдарына сәйкес, келтірілген жалпы шығын көлемі 1 миллиард 147 миллион 800 мың теңгені құрады.
"Абырой Авто" автосалонының қызметі өткен жылдың тамыз айында 100-ден астам азамат полицияға арызданғаннан кейін белгілі болды. Жәбірленушілердің айтуынша, автокөліктердің құны 7 миллионнан 30 миллион теңгеге дейін болған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, 2025 жылдың тамызында Атыраудағы "Абырой Авто" автосалонынан 120 адам зардап шеккені туралы жазған едік.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы
