Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тыныштық күнін бұзған швейцариялық турист бір жылға сотталды

турист
Фото: AP Photo

Бали аралындағы "Тыныштық күні" тәртібін бұзып, әлеуметтік желіде жергілікті тұрғындардың ашуын тудырған швейцариялық турист бір жылға сотталды. Ол діни мереке кезінде бос жағажайда серуендеп, болған жағдайды видеоға түсіріп, желіге жариялаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

26 жастағы Луциан Андрин Зграгген әлеуметтік желіде Бали аралындағы бос жағажайда серуендеп жүрген видеосын жариялаған. Алайда бұл күн арал тұрғындары үшін ерекше мереке – Ньепи, яғни "Тыныштық күні" еді.

Ньепи – Балидегі индуистердің жыл сайын атап өтетін діни мерекесі. Осы күні арал тұрғындары мен туристерге үйден шығуға, шулауға және көңіл көтеруге болмайды. Жұрт үйде қалып, тынышталып, ой жүгіртіп, медитациямен айналысады.

Швейцариялық турист биыл наурыз айында, Ньепи мерекесі өткен 19 наурыздан кейін, қамауға алынған. Оның әлеуметтік желіге жариялаған видеосы Бали тұрғындарының наразылығын тудырған.

Видеода Зграгген бос жағажайда жүріп, айналадағы жағдайды "ақылға сыймайтын нәрсе" деп сипаттаған. Ал жергілікті БАҚ оның жазбасында балағат сөздер де болғанын хабарлады. Кейін бұл видео әлеуметтік желіден өшірілген.

Сот барысында судья туристің әрекеті Бали халқының діни сенімін қорлап, қоғамның наразылығын тудырғанын айтты.

Ал Зграгген сотта Ньепи күніне қатысты шектеулердің қаншалықты маңызды екенін толық түсінбегенін және Бали халқын әдейі қорлағысы келмегенін жеткізді.

"Мен өз әрекетіме қатты өкінемін және Бали халқынан кешірім сұраймын", – деді турист.

Ньепи күні шектеулер аралда жүрген барлық адамға, оның ішінде басқа дін өкілдері мен шетелдік туристерге де қатысты.

Осы күні Балидегі әуежай жұмысын тоқтатады, интернет өшіріледі, ойын-сауық шараларына тыйым салынады. Тіпті электр құрылғыларын қолданбау ұсынылады. Сондықтан жергілікті тұрғындар бұл күнге алдын ала дайындалып, азық-түлік қорын жасап қояды.

Еске салайық, бұған дейін Италияның Комо қаласының мэрі Алессандро Рапинезені электрвелосипед қағып кеткеннен кейін қала орталығында барлық велосипедпен жүруге шектеу енгізілетіні хабарланған еді. Қыркүйектен бастап тарихи орталықтағы 30-ға жуық көшеде велосипедшілер көліктерін жаяу жетектеп жүруі тиіс. Алайда бұл шешім тұрғындардың наразылығын тудырып, белсенділер тыйымға қарсы велосипед шеруін өткізуді жоспарлап отыр.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 24 Тамыз, 2026 11:37