Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар краннан ыстық судың орнына лай су ағып жатқанын айтып шағымданды

коллаж
Фото: скриншот

Алматының Алмагүл шағынауданының тұрғыны үйіндегі краннан лай су аққанын айтып, әлеуметтік желіде шағымын жеткізген. Оның сөзінше, суды жарты сағат бойы ағызғанымен, түсі өзгермеген. Кейін басқа ауданның тұрғындары да осындай жағдайға тап болғанын жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тhreads желісінде жарияланған жазбада тұрғын ваннасына жиналған қоңыр түстес судың суретін жариялаған. Ол коммуналдық қызмет тарифтері өсіп жатқанда судың сапасы неге жақсармай отырғанына наразылық білдірді.

"Суды жарты сағат бойы ағыздық. Сонда да лай болып тұр. Тарифтерді көтереді, ал судың сапасы керісінше нашарлап барады. Есептегіш арқылы қаншама су өткіземіз, бірақ бәрібір тұнба қалады. Оны жуып кетіру де қиын, ваннаны тат басып қалады. Мұны қалай түсінуге болады?" – деп жазды тұрғын.

Жазба авторы Алматы әкімдігін мәселені шешуге шақырды. Жағдай өзгермесе, бүкіл шағынаудан болып e-Otinish арқылы шағым түсіретіндерін ескертті. Бұл жазбаға өзге тұрғындар да жаппай пікір қалдырған.  

"Краннан шоколад түстес су аққанда мен оны мүлде ашпаймын. Неге сонша суды ағызасыз? Көршілеріңіз ағыза берсін", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Ал тағы бір тұрғын қаладағы жөндеу жұмыстары су сапасына әсер етуі мүмкін екенін алға тартты.

"Бүкіл қаланы қазып тастады. Құбырларды ауыстырып жатыр, судың лайлануы содан", – деп пікір қалдырды ол.

Бостандық ауданындағы "Өркендеу" тұрғын үй кешенінің тұрғыны да осындай жағдайға тап болғанын айтып, бейнежазба жариялады. Видеода асүйдегі краннан қою қоңыр түсті су ағып, ыдысқа толып жатқанын көруге болады.  

Тұрғындардың шағымына әлеуметтік желідегі пікірлер бөлімінде "Алматы жылу жүйесі" ЖШС өкілдері жауап берді. Олар ыстық су сапасының уақытша нашарлауын жылу жүйесінің жұмысымен байланыстырды.

"Ыстық су сапасының уақытша нашарлауына жылу көзінен келетін жылу тасымалдағыштың берілуін тоқтатып, кейін қайта қосу себеп болған. Сонымен қатар үйдің элеватор торабында судың құрамындағы ірі қоспаларды ұстап қалатын сүзгі орнатылуы керек. Пәтер иелері кооперативі немесе мүлік иелері бірлестігі осы сүзгіні тексеріп, үйдің ішкі жүйесін шаюы қажет", – делінген компанияның жауабында.

Дегенмен компания өкілдері Алмагүл шағынауданында ыстық су сапасының қашан қалпына келетінін нақтылаған жоқ.  

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы "Өркендеу" тұрғын үй кешенінің тұрғындары краннан қоңыр түсті су ағып жатқанына шағымданған еді. Алайда "Алматы Су" мекемесі орталықтандырылған су жүйесінде ешқандай ақау тіркелмегенін мәлімдеді. Мамандар тұрғын үй кешеніне барып тексеру жүргізіп, суық судың сапасынан ауытқу анықтамаған.

 

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 16:53