Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы тұрғындары краннан ағып тұрған "кофеге" ұқсас қоңыр түсті лас суға шағымданды

Лас су
Фото: Threads

Алматы тұрғындары краннан аққан қоңыр түсті лас суға шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде Алматыдағы “Өркендеу” тұрғын үй кешенінің тұрғындары түсірген видео тарады. Кадрлардан ас үйдегі краннан “кофеге” ұқсас қоңыр түсті су ағып жатқанын көруге болады. 

“Қашан су реттеледі? Қашан таза суға жуынамыз? Денеміз, шашымыз бәрі қатып қалды ғой судан. Айына ком.қызмет 40-50 мың шығады жазда да”, – деп жазды желі қолданушысы. 

"Алматы Су" мекемесі қаланың орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Суды тазарту және залалсыздандыру жұмыстары, сондай-ақ оның сапасына зертханалық бақылау тәулік бойы жүргізілетіні атап өтілді.

“Санитарлық нормалардың бұзылуы және стандарттардан ауытқу деректері тіркелмеген”, – делінген хабарламада.

Мекеменің мәліметінше, аталған аудандағы қалалық желілер мен сумен жабдықтау нысандарында судың сапасына әсер етуі мүмкін жоспарлы немесе апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген.

Видео жарияланғаннан кейін су арнасының мамандары тұрғын үй кешеніне барып, комиссиялық тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде аталған тұрғын үй кешеніндегі суық судың сапасынан ешқандай ауытқу анықталмаған.

Тексеру нәтижелерін растау үшін "Алматы Су" мекемесі краннан таза су ағып тұрған видеоны да ұсынған.

Еске салсақ, 14 тамыз күні Алматы мен Алматы облысындағы жарықтың жаппай өшуі кезінде қала тұрғындарына су беру уақытша тоқтатылған еді.

Дана Русланқызы
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 20:35