Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жүлде қоры 30 миллион теңгені құрайтын патриоттық әндер байқауы жарияланды

Баспасөз мәслихаты
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында республикалық патриоттық әндер байқауы жарияланды. Байқау Отан, туған жер және ел бірлігі тақырыбындағы жаңа туындыларды танытуға, талантты авторларды анықтауға және заманауи патриоттық әндер қорын толықтыруға бағытталады.

Байқауға еліміздің барлық өңірінен ақындар мен композиторлар, соның ішінде шығармашылық жолын енді бастаған авторлар қатыса алады. Бұған дейін жарияланбаған және орындалмаған әндер қабылданады.

Спикерлер
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Байқау үш бағыт бойынша өтеді. Олар: салтанатты патриоттық әндер, лирикалық патриоттық әндер және заманауи патриоттық әндер. Қатысушылар бір немесе бірнеше бағыт бойынша шығарма ұсына алады.

Туындыларды композиторлар, ақындар мен музыка мамандарынан құралған сарапшылар кеңесі бағалайды. Сарапшылар баға беруде әннің әуені, мәтінінің сапасы, авторлық идеясының тың болуы және тыңдарманға әсерін негізге алады. 

Қалқаман Сарин
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Сарапшылар кеңесінің мүшесі, ақын Қалқаман Сариннің айтуынша, байқау Отан мен ұлттық болмыс тақырыбын арқау ететін әрі тыңдарман көңілінен шығатын әндердің жазылуын көздейді. 

Байқаудың жалпы жүлде қоры – 30 миллион теңге. Қаражатты демеушілер бөлген. Жүлделер төмендегідей белгіленген:

  • Бас жүлде – 6 миллион теңге;
  • I орын – әрқайсысы 4 миллион теңгеден үш жүлде;
  • II орын – әрқайсысы 3 миллион теңгеден үш жүлде;
  • III орын – әрқайсысы 1 миллион теңгеден үш жүлде.

Өтінімдер 2026 жылғы 5 желтоқсанға дейін khabar.kz/konkurs⁠ сайтында қабылданады. Жеңімпаздар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланады.

Жобаның бас ақпараттық серіктесі – "Хабар" агенттігі" АҚ. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 19:04