"Тырнақ пен қас жасауға кеткен": БАӘ-де көз жұмған әпкелі-сіңлілердің туысы олардың өлімі туралы мән-жайды айтты
Күні кеше БАӘ-нің Шарджа қаласындағы пәтерден апалы-сіңлілі қыздардың мәйіті табылған еді. Марқұмдардың әпкесі Меңсұлу Боханова Stan.kz сұхбат беріп, сіңлілерінің БАӘ-ге не үшін барғанын, олармен соңғы рет қашан байланысқанын және отбасының қайғылы жағдайға қатысты күдігін айтып берді.
Марқұмдар – Ақжан және Жұлдыз Бохановалар. Бойжеткендер БАӘ-не желтоқсан айында жол тартқан. Содан бері шетелдегі сұлулық салонында жұмыс істеп, нәпақа тапқан.
“Біздің Астана қаласында да әсемдік салонымыз болған. Сіңлілерім қас, кірпік жасап, тырнақ әрлеуді осы жақта жақсы меңгерген еді. БАӘ бет әрлеу саласында жақсы нәпақа табуға болатынын естіп, екеуі бірге кетті. Желтоқсанда барып, ұзақ кідірмеуді жоспарлаған болатын. Бірақ соғыстың көлеңкесі әмірлікке де жетіп, сол жақта қалып қойды. Құжаттардың барлығын реттеп, осы аптада қайтамыз деп анамызға қуаныш хабарласқан. Алайда содан кейін байланыс үзілді”, – дейді қос қыздың үлкен әпкесі.
Қара жамылған отбасы қыздарымен соңғы рет 17 тамыз күні сөйлескен екен. Бойжеткендер сарқынды су ішіп, салқындатқыштың әсерінен жиі ауырып жүргенін айтқан. Бохановтар күдік келтіретін ештеңені аңғармадық деп отыр.
“WhatsApp-тарына жазғанымызда алдымен екі белгі көрініп тұрды. Кейінгі жазғанымызда біреу болып қалды. Үрейленіп, сол жақтағы танысымызға хабарластық. Қыздардың жағдайын біліп қайтуға барған қазақстандық азаматты тұрғын үй кешеніне кіргізбей қойды. Содан полицияға, елшілікке айтып дабыл қақтық. Ақыры бір апта дегенде Ақжан мен Жұлдыздың пәтерде өлі табылғанын хабарлады”, – дейді Меңсұлу Боханова.

19 және 22 жастағы Қосты елі-мекенінен шыққан қыздардың қалай ажал құшқаны белгісіз — дейді қайтадан қан жұтқан жанұя. Сөздерінше, Сыртқы істер министрлігі әзірге қыздардың өлім себебін хабарламаған.
“Біздің болжамымыз бойынша қыздар 17 тамыз күні-ақ ажал құшқан. Полицияның өте баяу қимылдағанына күйініп отырмыз. Егер олар кісі қолынан ажал құшса, кінәлі адамның ертерек анықталып, жазалануын талап етеміз. Бүгін әкеміз жолға шығып барады. Бар мақсатымыз – қос қызғалдақты туған жеріне ертерек жеткізіп, жер қойнауына тапсыру. Қазір әлеуметтік желіде түрлі қауесет тарап кетті: “Пышақ сұғып өлтірген”, “Қыздар күмәнді жұмыс істеген” деген сияқты. Бұл сөздер де тілім-тілім болған жанымызды қаналатып отыр. Өйткені Ақжан да, Жұлдыз да адал еңбек етуге кетті. Әсемдік салонында қыздарды әрледі. Одан артық емес. Олар БАӘ ең қауіпсіз ел деп таңдаған болатын. “Пышақ сұғып өлтірді" деген ақпарат та расталмаған”, – дейді Меңсұлу Боханова.
Бойжеткендер бір отбасындағы төрт қыздың ортаншылары екен. Сыртқы істер министрлігі туған апалы-сіңлілердің қаза болу себебін БАӘ құзырлы органдары анықтап жатқанын жариялады.
Мән-жайы
Еске салайық, бұған дейін екі қазақстандық қыз Біріккен Араб Әмірліктерінде көз жұмғаны хабарланған еді.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жергілікті билік өкілдері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге ақпарат жарияланбайды.
Министрлік Қазақстанның Дубай қаласындағы Бас консулдығы барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын атап өтті. Оның ішінде құжаттарды рәсімдеуге және қыздардың қаза болу жағдайына байланысты БАӘ-нің құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жасауға көмек көрсетіліп жатыр.
"Тырнақ пен қас жасауға кеткен": БАӘ-де көз жұмған әпкелі-сіңлілердің туысы олардың өлімі туралы мән-жайды айтты