Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі қазақстандық қыз Біріккен Араб Әмірліктерінде көз жұмды

БАӘ туы
Фото: istockphoto.com

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі БАӘ-нің Шарджа қаласында екі қазақстандық қыздың қаза тапқанын хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрлік мәліметінше, жергілікті билік өкілдері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге ақпарат жарияланбайды.

Министрлік Қазақстанның Дубай қаласындағы Бас консулдығы барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын атап өтті. Оның ішінде құжаттарды рәсімдеуге және қыздардың қаза болу жағдайына байланысты БАӘ-нің құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жасауға көмек көрсетілуде.

"Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі БАӘ-нің Шарджа қаласында қаза тапқан азаматтарымыз А. Б және Ж. Б-ның туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. СІМ қаза тапқандардың отбасыларымен байланыста және өз құзыреті шеңберінде оларға қажетті көмек көрсетіп жатыр", – делінген министрлік хабарламасында. 

Марқұмдардың туыстарының айтуынша, 2006 және 2004 жылы туған екі қыз Шарджада жұмыс істеген. Олар тамыздың соңы немесе қыркүйектің басында Қазақстанға қайтуды жоспарлаған. Алайда шамамен бір апта бұрын қыздар жақындарымен байланысын үзген.

Туыстарының сөзінше, кейін олардың денелері табылған. Отбасы өкілдері қыздардың пышақ жарақатынан қаза болғанын және күдіктінің ұсталғанын айтқан. Олардың мәліметінше, күдікті де Қазақстан азаматы болуы мүмкін.

Алайда қыздардың өлім себебі, күдіктінің ұсталғаны және оның азаматтығы туралы ақпаратты әзірге ресми органдар растаған жоқ.

Әлеуметтік желіде марқұмдардың туыстары қыздардың денелерін Қазақстанға қайтара алмай отырғандарын айтып, көмек сұрады. 

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық қыз Сербияда жұмбақ жағдайда көз жұмғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 19:41