Қазақстандық қыз Сербияда жұмбақ жағдайда көз жұмды
Сербия астанасы Белградта Қазақстан азаматы жұмбақ жағдайда қаза тапты. Ақпаратты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Марқұмның әкесі TikTok желісіндегі homeart_mebel нигімен парақшасында қызының қазасы туралы жазба жариялап, оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан көмек сұрады. Оның айтуынша, қызы алтыншы қабаттан құлаған болуы мүмкін.
Алғашқы көмек сұраған хабарламалар бойжеткен байланысқа шықпай кеткеннен кейін тарай бастады. Кейін Қазақстан азаматы Амира Қанаттың қаза тапқаны расталды.
“Қазақстандық қызды Белградта алтыншы қабаттан лақтырып жіберген. Қазір отбасы оның денесін елге жеткізуге және бұл жағдайды қоғам назарына шығаруға көмек сұрап отыр. Тергеудің әділ әрі жан-жақты жүргізілуін қалайды”, – делінген алғашқы хабарламада.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, Амира Сербияға жұмыс істеуге барған. Қызы хабарсыз кеткен соң, әкесі Белградқа өзі аттанып, сол жерде оның қаза болғанын білген.
Кейін жарияланған видеоүндеуде марқұмның әкесі отбасының бұл қайғылы жағдайға нақты адамдардың қатысы болуы мүмкін деп күдіктенетінін айтты.
“Қазір Влад есімді бір жігіттің әлеуметтік желідегі парақшасын таптым. Оның парақшасын да, қызымның суретін де жариялаймын. Бұл жігіттің осы іске қатысы бар деп ойлаймын. Бұған қоса, Украинадан келген бір-екі қыздың да қатысы болуы мүмкін деген ақпарат шықты. Мұнда күмәнді жайттар бар. Қызымды ұстап отырған немесе оған қандай да бір қысым көрсеткен болуы мүмкін. Оған психологиялық ықпал жасалғандай көрінеді. Сондықтан қолымдағы ақпараттың бәрін жариялаймын. Араларыңызда көмектесе алатын адамдар болса, жан-жақты қолдау көрсетулеріңізді сұраймын”, – деді қыздың әкесі.
Қазір отбасы Амира Қанаттың денесін Қазақстанға жеткізу үшін қаражат жинап жатыр.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сербияда Қазақстан азаматының қаза болғанын растап, марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ведомство мәліметінше, Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құзырлы органдармен бірлесіп оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
“Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Сербияда қаза тапқан отандасымыздың туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста болып, оларға жан-жақты консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Мәселе министрліктің бақылауында”, – делінген хабарламада.
Қазір бұл іс Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің бақылауында.
Еске салайық, 2024 жылғы маусымда қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германияның Бенсхайм қаласының маңынан табылған еді. Судьяның денесі табылғанға дейін оның Германияда із-түссіз жоғалып кеткенін хабарланған. Ол Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең Сайлыбаева қызын балабақшаға алып кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген.
16 маусым күні оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды. Мәйіт полиэтилен пакетте болған. Әйел өлтірілмес бұрын зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Кейін Сайлыбаеваның өлімін 35 тергеуші тексерді. Әйелдің үйіне тінту жүргізілді. Кейін оның енесі мен күйеуіне іздеу жарияланды.
2025 жылы Айгүлдің туған ағасы Қанат Сайлыбаев күдіктілер Александр мен Наталья Донцовтардың Мәскеуде ұсталғанын хабарлады. Алайда кейінірек Қазақстанның бас прокуратурасы Ресей тарапы судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне күдіктілерді Қазақстанға бермейтінін мәлімдеді.
Ал жақында Сайлыбаеваның күйеуі Александр Донцов әйелінің өліміне кінәлі емес екенінайтқан.
Қапшағайда гидроскутер "үрлемелі диванға" соқтығысты: Әйелдің қуығы жырылып, қыз есін жоғалтқан